Қыздың анасы көрші бөлмеде болған
Батыс Қазақстанда екі жасар қыз бесінші қабаттың терезесінен құлап кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Анықталғандай, бала ас үйде отырып, үстел арқылы терезеге шығып, құлап кеткен. Бұл кезде қыздың анасы көрші бөлмеде болған.
Құлау салдарынан қыз дене жарақатымен емдеу мекемесіне жатқызылды.
Полиция департаменті алты жасқа толмаған балаларды ешқашан қараусыз қалдыруға болмайтынын еске салады. Ата-аналар балаларға терезелердің қауіптілігін түсіндіріп, сонымен бірге терезелері ашық бөлмелерде қалдырмауы керек. Сондай-ақ, барлық жиһаздарды, соның ішінде дивандарды, үстелдерді, орындықтарды және креслоларды терезеден алыс қойған жөн.
Москит торлары бар терезелер аса қауіпті. Ол балаға қауіпсіз болып көрінуі мүмкін, оны өзінің салмағына төтеп бере алады деп ойлайды. Балалардың құлап кетуіне жол бермеу үшін терезелерге арнайы пластикалық торларды орнатуға болады.