×

Әлихан Смайылов Үкіметтің алдағы жоспарын айтты

Әлихан Смайылов қайта премьер-министр болып тағайындалды

 Халық үні 30.03.2023 | 12:46
Әлихан Смайылов, фото: Halyq Uni

Бүгін ҚР премьер-министрі болып қайта тағайындалған Әлихан Смайылов Мәжілістің пленарлық отырысында сөйлеп, өзіне артылған сенім үшін ризашылығын білдірді.

Әлихан Смайылов еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын одан әрі арттыру жөніндегі міндеттер Үкімет жұмысының негізгі басымдықтары болатынын жеткізді.

«Ең алдымен, біз Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын және «Amanat» партиясының бағдарламасын іске асырамыз. Сонымен бірге басқа да партиялар мен депутаттардың, бизнес-қауымдастықтар мен азаматтардың сындарлы ұсыныстарын ескеретін боламыз. Орта мерзімді кезеңде экономиканың өсімін 5%-ға дейін жеткізу, осы жылдың аяғына дейін инфляцияны 2 есе төмендету – біз үшін аса маңызды міндет», - деді премьер.

Мәжілісте сөйлеген премьер-министр Үкіметтің алдағы жоспарын айтты:

Кәсіпкерлікті қолдау және бизнес-климатты жақсарту жөніндегі кешенді шаралар, сондай-ақ бизнестің түйткілді мәселелерін шешу, халықты жұмыспен қамту және азаматтарымыздың нақты табысын өсіру негізгі бағыттардың бірі болмақ.

Экономиканы әртараптандыруға, ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз етуге және қосылған құны жоғары шикізаттық емес тауарлар өндірісін ұлғайтуға басымдық берілмек.

Ел экономикасына, бірінші кезекте, өңдеуші салаларға ауқымды инвестициялар тарту бойынша шаралар қабылданады.

Ауыл шаруашылығын дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыс атқарылады.

Сонымен қатар энергетика саласын дамыту және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері өте маңызды.

Ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.

«Тариф орнына – инвестиция» бағдарламасын іске асыру электр және коммуналдық желілердің тозуын төмендетуге мүмкіндік береді.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылдық инфрақұрылымды жаңғырту кеңейтіледі.

Көлік және логистика саласында өткізу қабілетін арттыруға және халықаралық дәліздерді дамытуға басымдық беріледі.

Білім беру және денсаулық сақтау салаларында қызметтердің тиімділігі мен сапасын жақсарту, сонымен қатар цифрландыруды әрі қарай жалғастыру және мемлекеттік бірыңғай цифрлық платформаны енгізу біздің жұмысымыздың маңызды бағыттары болады.

Үкіметтің алдында қойылған міндеттерді шешу үшін тиісті шаралар қабылданады. Парламент депутаттарымен өзара бірлесіп, үйлесімді және нәтижелі жұмыс жасаймыз деп сенім білдіремін, - деді Әлихан Смайылов.

Әлихан Смайылов Үкіметті бір жылдан астам басқарып отыр. Ол премьер-министр лауазымына қаңтар оқиғасынан кейін тағайындалды.

1972 жылы Алматыда дүниеге келген. Мамандығы - қолданбалы математика. Мемлекеттік басқару магистрі дәрежесі бар.

Әр жылдары Қаржы вице-министрі, «ҚазАгро» ұлттық холдинг президенті, Статистика агенттігінің төрағасы, Президент көмекшісі, Қаржы министрі, премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарды.

Үйленген, екі бала тәрбиелеп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама