Halyq Uni логотип
×

Қазақстанға бидайды автокөлікпен әкелуге тыйым салынады

Контрабандамен күрес жалғасады

 Дастан Жұмабекұлы 30.03.2023 | 12:39
Қазақстанға бидайды автокөлікпен әкелуге тыйым салынады
фото: ашық дереккөз

Ауыл шаруашылығы министрлігі тұқымдық бидайдан басқа бидайды 6 ай мерзімге автокөлікпен Қазақстан аумағына  әкелуге тыйым салуды жоспарлап отыр. Министрліктің хабарлауынша, тиісті нормативтік-құқықтық актінің жобасы талқыланып жатыр.

Бұл бастама соңғы бірнеше жылда бидайдың заңсыз әкелінуінен зардап шеккен қазақстандық астық пен ұн нарығындағы қазіргі жағдайға байланысты туындады.

Салалық қауымдастықтардың деректері бойынша «сұр» импорттың көлемі жылына 1,5-2 млн тоннаға жетеді. Ал мемлекетке келтірілген жалпы шығын жыл сайын 500 млн доллар көлемінде бағаланады.

Контрабандалық астықтың қомақты үлесі автокөлікпен импортталады. Әкелінген бидай ҚҚС төлемей, шаруа қожалықтарына және жасырын экспорт түрінде рәсімделеді. Транзиттік тариф төлемей, Ауғанстан мен Орталық Азия елдеріне жіберіледі. Бұл ретте ішкі нарықта бағаның төмендеуі байқалады. Мысалы, 2022 жылдың шілде айының басынан бастап бидайдың құны тоннасына 170-185 мың теңгеден 80-85 мың теңгеге дейін арзандады, – делінген хабарламада.

Былтырғы жыл қорытындысы бойынша соңғы 10 жылдағы ең жоғары өнімділіктің бірі жиналды. 22 млн тонна дәнді және бұршақты дақылдар бастырылды. Бұл – бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 35%-ға артық. Бидайдың жалпы өнімі 38,9%-ға артып, 16,4 млн тонна болды.

Нарықты қолдау үшін 2022 жылдың қыркүйегінде астық экспортына барлық шектеулер алынып тасталды. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ деректеріне сүйенсек, өткен жылдың қорытындысы бойынша астық баламасында 13,2 млн тоннадан аса астық пен ұн экспортталған. Бұл – 2021 жылмен салыстырғанда 46,7%-ға (оның ішінде 10 млн тонна астық) артық көрсеткіш. Бұл еліміз тәуелсіздік алған кезден бергі ең жоғары көрсеткіштер болып саналады.

Сонымен қатар статистика деректеріне сәйкес, 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша отандық нарықта 10,4 млн тонна көлемінде астықтың оң балансы қалыптасып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама