×

Ақтөбедегі қанды оқиға: марқұмдардың туысы оқиғаның мән-жайын айтып берді

Енесі қаралы хабарды таң ата тәртіп сақшыларынан естігенін айтады

 Халық үні 30.03.2023 | 01:44
Фото: видеодан алынды

Ақтөбеде бүтін бір отбасын пышақтап кеткен қандықол күдікті іздестіріліп жатыр. Ол 35 жастағы келіншек пен оның 16 жастағы ұлын өлтіріп, 13 жасар қызды ауыр жаралаған. Бес жерінен жарақат алған оқушы қазір жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Ауыр қылмысқа барған күдіктінің кім екені белгісіз. Тіпті мұндай қылмысқа не үшін барғаны да белгісіз. Қазір тәртіп сақшылары тайлы-тұяғымен бір отбасын қырып тастаған қаныпезерді іздестіріп жатыр. Марқұм келіншек осыдан бес-алты жыл бұрын күйеуінен ажырасып кеткен. Күні кеше сол күйеуі өз үйінде асылып көз жұмған. Енесі қаралы хабарды таң ата тәртіп сақшыларынан естігенін айтады. Онымен қоса келіншектің қайын ағасын тергеуге алып кеткен.

«Жедел тергеу тобы пәтерден 35 жастағы әйелдің және 16 жастағы ұлының зорлық белгілері бар мәйітін тапты. Сонымен қатар қаза тапқан әйелдің 13 жасар қызы пышақ жарақатымен балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды», - дейді Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Қансыраған оқушы қызды дәрігерлер аман алып қалды. Оны қылмыскер бауыздамақ болған көрінеді. Дәрігерлер оның бес жерден пышақталғанын айтып отыр.  

«Мойны кесілген. Ота жасалды. Қазір жалпы жағдайы тұрақты ауыр. Жансақтау бөлімінде жатыр», - деді Ақтөбе облысы балалар ауруханасының бас дәрігері Ербол Жапақов

Марқұм келіншектің қайын ағасы тергеуге алынып жатқаны белгілі болды.

«Таңғы сағат жеті шамасында тергеу бөлімінен адамдар келіп, ұлымды алып кетті. Сол кезде осы оқиға туралы білдім. Кеше ғана ұлым өзіне қол салып қайтыс болған еді. Жарақат алған София есімді немерем тірі қалды. Оны әлі маған көрсетпеді». – дейді қыздың әжесі Ақтөбе тұрғыны Татьяна Игнатьева.

Тәртіп сақшылары күдіктілерді іздеп жатыр. Кімнің осыншама қатыгездікке барғаны әзірге белгісіз. Полиция департаменті оқиғаға қатысты кісі өлтіру бабымен іс қозғаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама