Полицияға қыз бала телефон шалып көмек сұраған
Ақтөбеде анасы мен баласын өз үйінде өлтіріп кеткен. Әйелдің жасы 35-те, бала 16-да. Ал 13 жастағы қыз ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Қазір жансақтау бөлімінде. Бұл жантүршігерлік қылмысты кім жасағаны белгісіз. Полиция тергеу тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
«Қайғылы оқиға менің артымдағы үйде таңғы сағат бестің шамасында болған. Қазір бұл жер қоршалған. Полиция мен криминалистер жұмыс істеп жатыр. Ал отбасы бұл жерде бес-алты жылдан бері тұрады», - дейді тілші.
Жалғызбасты келіншек екі баласымен осы үйдің екінші қабатында тұрған. Көршілер түнде ешқандай айқай-шу естімедік дейді. Тек жедел-жәрдем, полиция келгенде не болғанын бір-ақ білген.
«Біз естігенде есеңгіреп қалдық. Негізі подьезіміз тыныш. Мұндай болады деп ойламадық. Күтпеген жағдай», - дейді көршісі Рафаэль Каримов.
«Келген жедел тергеу тобы пәтерден 35 жастағы әйелдің және 16 жастағы ұлының зорлық белгілері бар мәйітін тапты. Сонымен қатар қаза тапқан әйелдің он үш жасар қызы балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды», - дейді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Сафия мойын тұсынан бес жерден пышақталған. Дәрігерлер жағдайы ауыр дейді.
«Кесілген мойын жарақатымен қабылдау бөліміне алып келді. Баланы операцияға көтерді. Операция жасалды. Қазір баланың жалпы жағдайы тұрақты ауыр. Реанимация бөлімінде жатыр», - дейді облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Ербол Жапақов.
Марқұм әйел алты жыл бұрын күйеуімен ажырасқан көрінеді. Сол бұрынғы жолдасы да күні кеше өзіне-өзі қол салыпты. Артынша отбасында мынадай жағдай болып отыр.
«Таңғы сағат жеті шамасында тергеу бөлімінен адамдар келіп, үлкен ұлымды алып кетті. Қайғылы оқиға туралы сол кезде бір-ақ білдім. Кеше ғана Софияның әкесі-менің ұлым өзіне қол салып, қайтыс болған еді. Жарақат алған немерем ғана тірі қалды. Оны әлі маған көрсетпеді»- дейді Софияның әжесі Татьяна Игнатьева.
Полицияға қыз бала телефон шалып көмек сұраған. Бұл оқиғаға қатысты кісі өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды. Әзірге бәрі жұмбақ. Күрделі отадан шыққан 13 жастағы София есін жиған соң ғана оқиғаның мән-жайы белгілі болмақ.