Ақтөбеде пәтерден өлі табылған әйел мен балаға қатысты тың дерек шықты
Көршілері әйел мен оның балалары әрдайым сабырлы болғанын, ешкіммен жанжалдаспағанын айтады
Ақтөбеде айуандықпен өлтірілген 35 жастағы әйел мен оның 16 жастағы ұлына қатысты жаңа дерек шықты.
«Диапазон» басылымының жазуынша, қылмыстық оқиға қаладағы Жилгородок (Тұрғындар қалашығы) ауданында болған.
«Бұл үйде отбасы шамамен 5-6 жылдан бері тұрып келген. Көршілері әйел мен оның балалары әрдайым сабырлы болғанын, ешкіммен жанжалдаспағанын айтады», - деп жазады басылым.
Еске салайық, 29 наурызда таңертең Ақтөбеде пәтерден зорлық-зомбылық белгілері бар 35 жастағы әйел мен 16 жастағы ер баланың мәйіті табылды. Марқұм әйелдің ауыр жарақаттан қансыраған 13 жасар қызы ауруханаға жеткізілген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қыз жансақтау бөлімінде жатыр, оған ота жасалған.