×

Исламбек Салжанов: Алматы облысы – бәйгенің астанасы

«Алатау» көкпар федерациясының спортшылары марапатталды

 Халық үні 29.03.2023 | 20:15
Фото: Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы

Бүгін Алматы облысына іссапармен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов келді.

Ол облыстық әкімдікте өткен жиын барысында өңірдегі ұлттық спорт түрлерінің дамуы жайлы сөз етті.

«Мемлекет басшысы ұлттық спорттың дамуына үлкен көңіл бөліп жатыр. Енді біз, барлығымыз бұл спорт түрін өте жоғары деңгейге көтеруіміз қажет. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі аймақтар қазірдің өзінде осы бағытта қарқынды жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде, Алматы облысының спорт басқармасын да ерекше атап өткім келеді. Бұл өңір бәйгенің астанасы. Осы уақытқа дейін де облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевпен бірқатар мәселені талқыладық. Алдағы уақытта да облыс басшылығымен бірлескен жұмыстар атқарылады», – деді қауымдастық президенті.

Ал Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев болса, облыста ұлттық спортты дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтты.

Мәселен, Қарасай ауданындағы «Ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі», Талғар ауданындағы «Ұлттық және ат спорты түрлері бойынша» спортты дамыту дирекциясы жұмыс істейді. Аталған мекемелерде ұлттық спорттың 11 түрі бойынша 1108 спортшы шұғылданып жатыр. Алматы облысында өтетін «Сонар», «Жетісу жүйрігі», Жеңіс күніне арналаған спорттық жарыстар сияқты ірі турнирлер республика көлеміндегі дәстүрлі мерекеге айналған.

«Алматы облысында ұлттық спорт түрлерін дамытуға үнемі ерекше көңіл бөлініп келеді. Өңірде көкпар спортын дамыту мақсатында 2021 жылы «Алатау» көкпар федерациясы құрылған», – деді Марат Сұлтанғазиев.

Сондай-ақ шарада «Алатау» көкпар федерациясының спортшылары марапатталды. Олар күні кеше ғана Термез қаласында (Өзбекстан) өткен халықаралық турнирде чемпион атанды.

Айта кетейік, II Азия чемпионаты биыл қазан айында Ұйғыр ауданында өтеді деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, шілдеде жасөспірімдер арасындағы аударыспақ пен теңге ілуден XI ҚР чемпионаты Талғар ауданында ұйымдастырылады. Мамыр айында жамбы атудан жастар арасындағы IX ҚР чемпионаты да Талғар ауданында өткізіледі.

Сонымен бірге, Марат Сұлтанғазиев Ұлттық спорт қауымдастығымен бірге алдағы уақытта атқарылатын жұмыстың жоспарын талқылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама