×

Былтыр қазақстандықтар көмірді көп тұтынды – ИИДМ

Оған ауа райының қолайсыздығы себеп

 Дәурен Ерболат 29.03.2023 | 15:00
Фото: perevozka24.ru

2022 жылы Қазақстан тұрғындары көмірді көп тұтынды, деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Министрліктің мәліметінше, биыл жылыту маусымында ішкі нарыққа көмір тұрақты жеткізілген.

Мәселен министрліктің бастамасымен жылыту маусымын өткізу бойынша штаб құрылды. Оның құрамына жергілікті атқарушы органдардың, көмір өндіруші компаниялардың, сондай-ақ Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығының өкілдері кірді. Аталған штаб халықты көмірмен қамтамасыз ету, өндіруші компанияларға теміржол вагондарын уақтылы жеткізуді бақылау, магистралды теміржол желілерінің өткізу қабілетін кеңейту мәселелерін тұрақты бақылады. Нәтижесінде ішкі нарықта көмір тапшылығы байқалмады, - деп жазылған хабарламада.

Биылғы жылыту маусымында халық пен энергия өндіретін компаниялардың тарапынан көмірге деген сұраныс әдеттегіден жоғары болды.

Мысалы, 2022 жылдың қорытындысына сәйкес Қазақстанда отынның осы түрін тұтыну көлемі 81,4 млн тоннаға жетті. Бұл – 2021 жылмен салыстырғанда 5,7%-ға көп. Сондай-ақ былтыр халықтың қажеттілігі үшін 11,03 млн тонна жеткізілді. Көрсеткіш 2021 жылға қарағанда 3,1%-ға артық, - деп жазылған хабарламада.

Көмірге сұраныстың артуы ауа райының қолайсыз болуы және газдың шектеулі көлемімен (әсіресе Қазақстанның солтүстік және орталығында), сондай-ақ республикадағы энергия тұтыну деңгейінің ұлғаюымен байланысты болды.

Елімізде коммуналды-тұрмыстық көмірдің орташа бағасы (1 тоннасы үшін) 15-20 мың теңге болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама