Ерлан Қошанов Мәжіліс төрағасы болып сайланды

Дәурен Ерболат

Депутаттар Ерлан Қошановтың кандидатурасын қолдады

Ерлан Қошанов, фото: Halyq Uni

Жаңадан сайланған Мәжілістің жалпы отырысында палата төрағасы лауазымына Ерлан Қошановтың кандидатурасы ұсынылды. Ерлан Қошановтың кандидатурасын Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов ұсынды.

Сегізінші шақырылымдағы Мәжіліс төрағалығына Қазақстанның мемлекет әрі саяси қайраткері, AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошановты ұсынамын, - деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Атап айтқанда, ҚР Конституциясы 58-бабының 1-тармағына сәйкес, Мәжіліс төрағасы мемлекеттік тілді еркін меңгерген депутаттар арасынан палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы сайланады.

Мәжілістің төрағасы қызметіне тек бір кандидат Ерлан Қошанов ұсынылды. Жасырын дауыс беру барысында ол аталған қызметке тағайындалды.

Депутаттардың басым көпшілігі Ерлан Қошановтың кандидатурасын қолдады.

Дауыс беру нәтижесінде Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау, Дания Еспабаева болды

Ерлан Жақанұлы Қошанов 1962 жылы Қарағанды облысында туған. 1984 жылы Қарағанды политехникалық институтын бітірді. 1999 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірді.

Институт бітірген соң Жезқазған кен-металлургия комбинаты байыту фабрикасының слесары, шебері болып істеді.

1988-1990 жж. – жұмыскер және ауыл жастары бөлімінің нұсқаушысы, Қазақстан ЛКЖО Жезқазған облыстық жастар проблемаларының әлеуметтік-экономикалық бөлімінің меңгерушісі.

1990-1995 жж. – Жезқазған облыстық комитетінің сыртқы экономикалық байланыс комитетінің жетекші маманы, бөлім бастығы, төрағасының орынбасары, төрағасы.

1995-1999 жж. – Сенат депутаты.

1999-2001 жж. – Үкіметтің Парламенттегі өкілі.

2001-2003 жж. – ҚР премьер-министрі кеңсесі басшысының орынбасары – Үкіметтің Парламенттегі өкілі.

2003-2006 жж. – Көлік және коммуникация вице-министрі.

2006-2007 жж. – Көлік және коммуникация министрлігінің азаматтық авиация комитетінің төрағасы.

2007-2012 жж. – ҚР премьер-министрі кеңсесі басшысының орынбасары – Үкіметтің Парламенттегі өкілі.

2012-2017 жж. – ҚР премьер-министрі кеңсесінің басшысы.

2017-2019 жж. – Қарағанды облысының әкімі.

2019-2022 жж. – Президент әкімшілігінің басшысы.

2022-2023 жж. – Мәжіліс төрағасы.