Halyq Uni логотип
×

Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға 143 млрд теңге бөлінеді – Тоқаев

Құрал-жабдық пен техника сатып алу үшін 1 триллионға жуық теңге беріледі

 Дастан Жұмабекұлы 29.03.2023 | 10:48
Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға 143 млрд теңге бөлінеді – Тоқаев
фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында ауылды дамыту мәселесіне де назар аударды.

Президент биыл ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін тағы 1,5 мыңнан аса жобаға бюджеттен 143 миллиард теңгенің бөлінетінін айтты.

Мен сайлау алдында ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту қажеттігі туралы анық айттым. Бұл – маңызды міндеттің бірі. Оны ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы жүзеге асыру керек. Сол үшін «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынады. Ауыл тұрғындарына 5-7 жылға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі, – деді мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы кооперативтері халыққа қызмет көрсету және өнім өткізу үшін құрылады. Оларға құрал-жабдық және техника сатып алу үшін субсидия беріледі. Осы мақсатқа 1 триллионға жуық теңге бөлінеді. «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» жобалары ауылды дамытуға арналған жаңа тұжырымдамаға арқау болуға тиіс. Топырақтың құнарын сақтап, оны жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет.

Ауыл шаруашылығы саласындағы реформаларға сапалы заңдар қажет. Бұл жұмысқа Мәжілістен орын алған «Ауыл» партиясы өз үлесін қосады деп сенемін, – деді Тоқаев.

Сонымен бірге ол ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану үшін бақылауды күшейтудің маңыздылығын айтып, өнім көлемін арттыруға және оны әртараптандыруға баса мән берген жөн екенін ескертті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама