Halyq Uni логотип
×

Жолаушыларды тасымалдаудан бас тартқан FlyArystan әуе компаниясына тексеру жүргізілді

Әуе компаниясы жолаушыларға авиабилет құнын қайтаруға міндеттелді

 Халық үні 06.04.2022 | 09:41
Жолаушыларды тасымалдаудан бас тартқан FlyArystan әуе компаниясына тексеру жүргізілді
көрнекі фото: abilet.kz

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі жолаушылардың өтініші негізінде ағымдағы 19 наурызда Нұр-Сұлтан - Қостанай бағыты бойынша КС 7341 рейсінде жолаушыларды тасымалдаудан бас тарту фактісі бойынша FlyArystan әуе компаниясына жоспардан тыс инспекциялық тексеру жүргізді.

Тексеру нәтижелері бойынша, жолаушыларға тасымалдаудан бас тартудың себебі эвакуациялық траптың уақытша техникалық ақауына байланысты осы әуе кемесінің бортында пайдаланылатын жолаушылар орындарының саны бойынша жүз он орындыққа дейін шектеу болғаны анықталды.

«Орындар санына шектеулер ұшу қауіпсіздігінің талаптарын ескере отырып қойылған, өйткені авариялық трапта ақау болған кезде жолаушыларды түсіру мүмкін емес. Осы себепті әуе компания 180 орынның 70-ін жабуға мәжбүр болды», - делінген Азаматтық авиация комитетінің хабарламасында. 

Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы бұйрығы бойынша, жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларына сәйкес, егер жолаушыға әуе кемесінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін себептер бойынша тасымалдаудан бас тартылған жағдайда, онда оған тарифті қолдану шарттарына сәйкес пайдаланылмаған билет немесе оның бір бөлігі үшін сомалар қайтарылады.

FlyArystan әуе компаниясынан алынған ақпаратқа сәйкес, 19 наурыздағы КС7341 рейсінен билеттерін пайдалана алмаған жолаушылар бір жыл ішінде сатып алған жері бойынша ақшалай қайтару туралы өтініш бере алады.

Осы жағдай бойынша Авиациялық әкімшілік FlyArystan-ға инспекторлық нұсқама жазып, жолаушыларға авиабилет құнын қайтаруды жүзеге асыру бойынша барлық міндеттемелерді орындауды тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама