Ақтөбеде ер адамнан 40 келі марихуана тәркіленді (ВИДЕО)
Сотқа дейінгі тергеу басталды
Ақтөбеде 32 жастағы ер адамнан ірі көлемде есірткі тәркіленді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Ақтөбе облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері арнайы бөлімшенің жауынгерлерін тарта отырып, Сүт зауыты ауданында жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында 32 жастағы жүргізушінің басқаруындағы Mercedes Benz автокөлігін тоқтатқан. Тінту барысында көліктің жүк салғышынан салмағы 12 келіден асатын есірткі заты бар полиэтилен пакет табылды.
Сондай-ақ жалдамалы пәтерде ерекше иісі бар жасыл түсті өсімдік затының ішінен ақ түсті 2 қап тәркіленді. Сараптама актісінің қорытындысына сәйкес, алынған заттардың жалпы салмағы 40 келіден асатын марихуана екені белгілі болды.
ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Осы баптың санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді. Күдікті қамауға алынды.