«Қолымнан келгенін жасаймын»: Ләйла Сұлтанқызы депутат болып сайланды

Халық үні

Мәслихат депутаты өзін қолдаған жандарға алғыс айтты

фото: Instagram/sultankyzy

Тележүргізуші Ләйла Сұлтанқызы Amanat партиясы атынан Астана қалалық мәслихатына депутат болып сайланды. Бұл жайлы ол өзінің instagram-дағы парақшасында хабарлады. 

Оның айтуынша, саясатқа араласып, ізгі істерді атқару да әйелдің қолынан келеді. Тек сырттан келер қолдау мен ішкі қалау мықты болса болғаны.

«Бүгін Астана қаласы маслихатының депутаттар тізімінен өз атымды көру бұйырыпты. Қуанышыма ортақтасып  жатқан барлық жанға көп-көп рақмет. 

Алла сәтін салса, ойда жүрген көп іс-шараларды жүзеге асырып, халыққа титтей де болсын пайдам тию үшін қолымнан келгенін жасаймын. Сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз - мен үшін қашанда маңызды!», - деп жазды ол.

Айта кетейік, мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауының қорытындысына сәйкес, мәслихат сайлауында Аmanat партиясы сайлаушылардың 68,78% дауысын жинады.