Қамауда отырған Талғат Ермегияев бірнеше рет тәртіп бұзған – ІІМ
Талғат Ермегияев қазір жазасын Алматы облысындағы түрмелердің бірінде өтеп жатыр
ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев қазір түрмеде жазасын өтеп жатқан Руслан Күлекбаев (өмір бойына бас бостандығынан айырылған) пен экс-министр Талғат Ермегияевтің қамаудағы тәртібі туралы журналистердің сауалына жауап берді.
Одан бөлек журналист экс-министр Талғат Ермегияев пен бір жылдан бері тергеліп жатқан кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың түрмеде тәртіп сақтамайтынын, «олардың өздеріне жақсы жағдай жасап алғаны» туралы сұрады.
Қазір Күлекбаев жазасын өтеп жатыр. Ол тәртіп бұзған жоқ. Ермегияев алдында жазасын Астанадағы мекемеде өтеді. Онда ол біраз заңбұзушылық жасады. Бүгінде ол жазасын Алматы облысында өтеп жатыр. Соңғы уақытта режим бұзған жоқ, - деді Мейрам Аюбаев.
2016 жылдың 2 қарашасында Алматыда теракт ұйымдастырып, 10 адамды өлтірген Руслан Күлекбаев өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ол қазір Қостанай облысындағы қауіпсіздігі төтенше мекеме «Қара бүркітте» жазасын өтеп жатыр.
Оған Алмалы ауданы ішкі істер бөлімі мен ҰҚК департаментіне 18 шілдеде шабуыл жасап, полицияның сегіз қызметкері мен екі тұрғынды атып өлтірді деген айып тағылды.
Оған адамды бас бостандығынан заңсыз айыру; қарақшылық; бөтеннің көлігін иелену; қару жасау; қару, оқ-дәрi, жарылғыш заттарды заңсыз иемдену, сақтау немесе алып жүру; қаруды жымқыру не қорқытып алу; адам өлтiру; терроризм актісі баптары бойынша айып тағылған.
2016 жылдың маусымында «ЭКСПО Астана» ҰК бұрынғы басшысы Талғат Ермегияевқа сот үкімі шықты.
Судья Талғат Ермегияевті Қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-тармағы («пара алу»), 189-бабы 4-тармағының 2-бөлімі («өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иелену немесе ысырап ету») бойынша айыпты деп тауып, 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Ермегияев мемлекеттік органдар мен коммерциялық ұйымдарда лауазымды қызметтер атқару құқығынан өмір бойына айырырып, қылмыстық жолмен табылған дүние-мүлкі тәркіленетін болды.