Halyq Uni логотип
×

Ақылы жолдарға «Сергек» камералары орнатылады

Жолда жылдамдықты асырған жүргізушілерге айыппұл салынады

 Дәурен Ерболат 28.03.2023 | 13:25
Ақылы жолдарға «Сергек» камералары орнатылады
Фото: ОКҚ

Қазақстандағы 11 мың ақылы жолға «Сергек» камералары орнатылады. Бұл туралы ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Елімізде жыл сайын 2 мыңнан аса адам көлік апатынан көз жұмады. Апатқа басты себептің бірі – жүргізушілердің көлік жылдамдығын асыруы.

«Жүргізушілер жолда жылдамдықты асырады. Астана – Бурабай тас жолында барлық камера істеп тұр. Онда сағатына 140 шақырым жылдамдықпен жүруге рұқсат берілген. Алайда жүргізушілер сағатына 180-200 шақырым жылдамдықпен жүреді.

Осылайша, олар жол қауіпсіздігі ережесін бұзады. Қазақстандағы жолдардың басым бөлігі екі жолақты. Салдарынан (жүргізушілер жылдамдықты асырып, – автор) жолдың қарсы бағытына шығып кетеді. Сосын адам өлімі көп тіркеледі, - деді Амангелді Беков ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Осыған байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2030 жылға дейін ақылы жолдарға «Сергек» камераларын орнатуды жоспарлап отыр.

Жоба бойынша Қазақстандағы 25 мың шақырым жолдың 11 мыңын ақылы болдыруды жоспарлап отырмыз. Осы 11 мың жолда камералар болады. Осы республикалық маңызы бар, ақылы жолардардың бойына 94 камера орнаттық. Қазір оның 33-і жұмыс істеп тұр, - деді комитет төрағасының орынбасары.

Оның айтуынша, жолдарға орнатылатын камералар «Сергек» сияқты жұмыс істейді.

Қазір біз Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, камераларды іске қосып жатырмыз. Онда камера көліктің жылдамдығын тексереді. Жүргізуші жылдамдықты асырса, оған айыппұл салынады.

Жүргізушілердің тәртібін бақыласақ, бұл (көлік апатынан қаза табатындардың санын, – автор) азайтуға мүмкіндік береді», - деді Амангелді Беков.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама