Таразда 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді
Қалада биыл төрт «Жайлы мектептің» құрылысы қолға алынады
Тараз қаласының Барысхан тұрғын алқабында №62 орта мектептің ашылу рәсімі өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметінше, 600 орындық жаңа оқу ордасын пайдалануға беру шарасына өңір басшысы Нұржан Нұржігітов қатысып, мектеп ұжымы мен оқушыларды қуанышымен құттықтаған.
Білім беру инфрақұрылымын дамыту – біздің алға қойған басты міндеттеріміздің бірі. Бүгінде облыс мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа мектептер соғылып, апатты, үш ауысымды, орын тапшылығы бар мектептердің мәселесі рет-ретімен шешімін тауып келеді. Бұның өз кезегінде білім сапасының айтарлықтай өсуіне септігін тигізері сөзсіз. Жамбыл өңірінен шығып, бүгінде түрлі салада жемісті еңбек етіп, еліміздің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарымыз аз емес. Сіздер де сол аға-әпкелеріңіздің ізін жалғастырып, болашақта мықты маман болыңыздар, – деді облыс әкімі.
Бұдан соң жаңа нысанның лентасы қиылып, кілті тапсырылды. Қонақтар мектеп ішін аралап көріп, кабинеттерімен танысты.
Құрылысын мердігер «Тараз-Ирригация» ЖШС жүргізген мектеп 23 оқу бөлмесімен, компьютер, модификациялық, лингафон кабинеттерімен, спорт зал, шеберхана, асханамен қамтылған.
Айта кетейік, өткен жылы облыста 20 білім нысанының құрылысына 7 млрд теңге бөлініп, 8 мектеп пайдалануға берілсе, биыл 12 нысанның құрылысы аяқталады.
Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 20 мектеп салынады. Оның сегізінің құрылысы биыл басталса, қалғаны келер жылға жоспарланған.
Тараз қаласында биыл төрт «Жайлы мектептің» құрылысы қолға алынады.