Тараздық мұғалім оқушыларға Жириновский бейнеленген базарлық таратқан
Мектеп директоры мен мұғалімге шара қолданылды
Тараздық мұғалім оқушыларға ресейлік саясаткер, ЛДПР төрағасы Владимир Жириновскийдің суреті жапсырылған сыйлықтарды таратқан. Бұл жағдай қаладағы №13 мектепте болған.
Жириновскийдің суреті бейнеленген сыйлықты балаларының қолынан көрген ата-аналар бастапқыда түсінбей қалған. Кейін ресейлік саясаткер бейнеленген - ұран сөздерден тұратын сыйлықты ата-аналар жаппай әлеуметтік желіде жариялай бастаған.
Кейіннен бұл сыйлықты оқушыларға «6 Г» сыныбының сынып жетекшісі таратқаны белгілі болды.
Мектеп директоры бұл сыйлықтарды «Ресейдің Ростов-На Дону облысында өткен онлайн байқауда бірінші орын алғаны үшін берілген» деп түсіндірді. Дегенмен, директор сыйлықтың оқушыларға берілуін - мұғалімнің өз бетінше жасаған әрекеті деп отыр. Сынып жетекшісінің байқауға қатысатыны жұмыс жоспарына енгізбегендіктен, мектеп басшысы бұл жағдайдан «бейхабар» екенін айтты.
Белгілі болғандай, сынып жетекшісі 53 елден қатысқан «Жаңа жылдық ойыншықтардың отшашуы» деген халықаралық байқауда бақ сынаған.
Мұғалім бір ауыз айтпады. Сынып жетекшілікке келгеніне бір жыл ғана болған. Сондықтан не нәрсе болса да ескерт деп айтқанбыз. Оның тәжірибесіздігі бізді осындай ыңғайсыз жағдайға әкелді. Бірақ бұдан ешқандай саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Ол өз қателігін мойындады, - деді №13 мектеп директоры Жанат Әмірова.
Жеңімпаздарға Ресейдің либералды-демократиялық партиясының төрағасы Владимир Жириновскийдің суреті бар сыйлықтарды пошта арқылы жіберілген. Педагог «бар болғаны балаларға базарлық жасауды ғана ойладым» деп ақталды.
«Мен балаларға тек орыс халық ертегілері туралы кітап мен дәптерлерді тараттым. Бір ғана қателігім - партияның логотипі бар сыйлықтарды байқамағаным. Өзге елдің саяси партиясына үгіт-насихат жүргізуден аулақпын», - дейді №13 мектеп мұғалімі Оксана Дьяченко.
Тараз қалалық әкімдігінің білім бөлімі бұл оқиғаға қатысты мектеп директорына да, мұғалімге де шара қолданылғанын айтты.
«Білім туралы заңның, Педагог мәртебесі туралы заңның баптарына сәйкес мұғалім бұл жерде өзінің кәсіби біліктілігін атқару кезінде кемшіліктерге жол берген. Директорға бақылау мен басқаруды әлсіреткені үшін сөгіс түрінде жаза қолданылды», - дейді Тараз қаласы білім бөлімінің бас маманы Қайрат Үкібасов.
Тараз қаласындағы №13 мектепте (орыстілді білім ордасы) 1600-ден аса оқушысы білім алады.
Ресей мемлекеттік думасының депутаты Владимир Жириновский 1946 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Ол Масанчи көшесіндегі №79 үйде тұрып, 1964 жылдың 3 маусымында Қазақстаннан көшіп кеткен. Ол - Қазақстанға, соның ішінде қазақ ұлтына қарата түрлі даулы мәлімдемелер жасаған саясаткер.