Тоқаев қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы заңға қол қойды
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланды
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартты ратификациялау туралы» ҚР заңына қол қойды.
Еске салайық, 2022 жылдың желтоқсанында ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға мемлекеттік сапары барысында – Ташкент қаласында екі елдің басшылары Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартқа қол қойды.
Шекараны шегендеу 2001 және 2002 жылғы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы туралы шарттар негізінде жүргізіледі.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың айтуынша, екі ел арасындағы шегендеу бойынша келіссөздер 2003 жылы басталған. Шекаралық белгілерді жергілікті жерде орнату бойынша жұмыстар 2004 жылдан 2021 жылға дейін жалғасты. 19 жыл ішінде Қазақстан-Өзбекстан бірлескен шегендеу комиссиясының 100 отырысы және бірлескен шегендеу жұмыс тобының отыз төрт кездесуі өткен.