Семейдегі автобустарда Абайдың даналық сөздері пайда болды
Сондай-ақ қоғамдық көліктерде кітап сөрелері де орналастырылған
Семей қаласындағы қоғамдық көліктерде Ұлы Абайдың даналық сөздері пайда болды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, автобус ішіне кітап сөрелері де орналастырылған. Сөреде «Осы кітаптар Сізге арналған, Сіз де келесі жолаушыға кітап сыйлаңыз!» деген жазу бар. Автобус жолаушылары сөредегі кітапты алып, сапар барысында оқи алады. Кітапты өзге жолаушыға табыстауға немесе сөреге қайта қоюға болады.
Семейлік автобустардағы Ұлы Абайдың еңбек, ар-намыс, ел бірлігі мен ұрпақ келешегі жайында қалдырған қанатты сөздеріне қала тұрғындары ерекше ықыласпен зер салса, ал кітап оқуға ынтасы бар жолаушылар сөредегі кітаптарды оқи алады.
«Даналық ізімен» акциясының мақсаты – тұрғындарды білімге, даналыққа баулу, кітап оқуға деген махаббатын ояту. Шара қоғамдық көлік жүргізушілеріне де, қала тұрғындарына да өз пайдасын тигізіп, рухани байлығын арттыра түседі.
Акцияны ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінге дейін 6 автобус безендіріліп, 60 кітап жиналған. Алдағы уақытта автобустар мен кітаптарды көбейту жоспарланып отыр.
Еске салар болсақ, наурызда Семейде №1 және №36 бағыттар бойынша 25 орындық, сыйымдылығы 50 жолаушыға арналған 12 жаңа автобус қолданысқа берілді.