×

Іле Алатауында адасқан 2 турист табылды

Іздестіру жұмыстарын тік беткейлер мен қардың көптігі қиындатты

 Динара Амантай 28.03.2023 | 09:35
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Алматыда құтқарушылар Іле Алатауында адасқан екі туристті тапты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, 26 наурызда сағат 23:32-де Алматы қаласы ТЖД кезекші-диспетчерлік бөліміне «Аюсай» шатқалы мен сарқырамасының аумағында тауда ер адам мен әйел жоғалып кетті деген хабарлама келіп түскен. Туристер қайтар жолынан адасып, қараңғыда төменге түсе алмаған. Олардың орналасқан жері туралы мәлімет Алматы қаласы әкімдігі құтқару қызметінің жедел кезекшісіне жіберілді.

4 құтқарушы бір техникамен іздеу-құтқару жұмыстары орнына жолға шықты. Құтқарушылардың айтуынша, ол жерде аздаған қар көшкіні болып, туристердің іздерін көру мүмкін болмаған. Арада бір сағат өткеннен кейін жоғалған ер адам ТЖД кезекші бөліміне қайта қоңырау шалып, жолды тауып, көтеріле бастағандарын хабарлаған. Сөйтіп байланыс қайтадан үзіледі.

Түнде сағат 04:20-да «Аюсай» шатқалына қосымша құтқару қызметінің және «Тұйық-Су» КСП 7 құтқарушысы мен 2 техника жіберілді. Туристер қайтып байланысқа шықпады, ұялы байланыс ұстамады.

Таңғы сағат 06.00–де ТЖМ республикалық жедел-құтқару жасағының 7 адамнан құрылған жедел тобын, оның ішінде 1 кинологиялық есепті іздеуге жіберу туралы шешім қабылданды. Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары спутниктік байланыспен жарақталған. Космостанцияға келген құтқарушылар шатқалдан төмен қарай іздеу жұмыстарын жүргізе бастады. Тәуліктің қараңғы уақытында, қауіпті тік беткейлермен, төменгі температурада жоғалған туристерді іздеу жұмыстары тоқтаған жоқ.

Іздеу жұмыстары таңда да жалғасты. Сағат 09:57-де құтқару қызметінің іздестіру тобы туристерді таудың жотасындағы бірінші сарқырамадан жоғары орналасқан «Аюсай» шатқалынан тапты. Зардап шеккендермен визуалды байланыс орнатылды. Содан кейін құтқару операциясы жалғастырылды. Жұмысты тік беткейлер мен қардың көптігі қиындатты.

Сағат 15:45-те құтқару қызметінің құтқарушылары мен республикалық жедел-құтқару жасағының жедел тобы зардап шеккендерді Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлер бригадасына жеткізді. Зардап шеккендердің жағдайлары қанағаттанарлық, медициналық көмекке мұқтаж емес.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама