Бокшылар әлем чемпионатынан оралды

Дастан Жұмабекұлы

Биылғы бәсекеден әйелдер құрамасы 2 күміс пен 4 қола жүлде алып келді

фото: Мәдениет және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы

Бүгін кешке бокстан Қазақстанның әйелдер құрама командасы Үндістанның Дели қаласында өткен әлем чемпионатынан оралды. Алматы әуежайынан спортшылар мен Шәміл Сафиуллин бастаған жаттықтырушылар қосынын жанкүйерлер, боксшылардың туған-туыстары мен достары, қаладағы спорт мектептерінің шәкірттері мен БАҚ өкілдері қарсы алды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы хабарлады.

Биылғы бокс бәсекесінде әйелдер құрамасы 2 күміс пен 4 қола жүлде алып, жалпыкомандалық есепте сегізінші орынды иеленді. Аса ауыр салмақтағы (+81 кг) Лəззат Күнгейбаева мен Карина Ибрагимова (57 кг) финалда қарсыластарынан жеңіліп, күміс медальге ие болды. Ал Алуа Балқыбекова (48 кг), Надежда Рябец (66 кг), Валентина Хальзова (75 кг) мен Фариза Шолтай (81 кг) өз салмағында қола жүлдені қанағат тұтты. Бұған дейін әйелдер құрамасы әлем чемпионатында осыншама медальді алмады.

Былтыр Ыстамбұлда өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған Алуа Балқыбекова журналистерге берген сұхбатында алдағы жарыстарға тиісті деңгейде дайындалатынын айтты.

Бір жыл бұрын Түркияда өткен чемпионатта күміс жүлдегер атанғанмын. Осы жолы Үндістанда қола медаль бұйырды. Көбісі бұрыннан қолғап түйістіріп жүрген таныс қарсыластар. Жартылай финалда үндістандық боксшымен кездестім. Өте тартысты кездесу болды. Өкінішке қарай, төрешілердің шешімімен қарсыласым финалға шықты. Алдағы уақытта елімізде 4 жыла бір келетін жазғы Спартакиада өтеді. Одан бөлек, Азия ойындары келе жатыр. Енді осы жарыстарға дайындаламыз, – деді Алуа Балқыбекова.

Боксшы Надежда Рябецтің айтуынша, әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алу – жақсы көрсеткіш.

Бокспен айналысып жүргеніме 12 жыл болды. Қазір жасым 22-де. Үндістанда төрт жекпе-жек өткізіп, үшеуінде ұттым. Барлық кездесу қиын болды. Осал қарсылас болған жоқ. Жартылай финалда сәл сәттілік жетіспеді. Жаттықтырушыларыма рақмет айтамын, – деді ол.

Алматыға жеткен бетте боксшылар өз қалаларына аттанып кетті. Әлем чемпионатынде ел намысын қорғаған астаналық Лəззат Күнгейбаева, Валентина Хальзова, Рима Волосенко мен Аида Әбікееваны әуежайдан туыстары, достары, Мәдениет және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы мен Астана қаласы спорт басқармасының қызметкерлері күтіп алды.