Қайтарылатын сома – 1 млн 50 мың теңге
Бірмандатты округтер бойынша сайлауға түскен 104 үміткерге сайлау жарнасы қайтарылады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бірмандатты округтер бойынша Мәжіліс сайлауына қатысқан 370 кандидаттың 104-іне сайлау жарнасы қайтарылады. Қалған 266 үміткер 5%-дан аз дауыс жинады. Сайлау жарнасы 2 партияға да қайтарылады: Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы мен Respublica партиясы. Ал «Байтақ» жасылдар партиясы межелі дауысты жинай алмады.
Қалған партиялар Конституциялық заңның 88-бабына сәйкес, сайлау жарнасын енгізбеді. Өйткені олар бұрын Мәжіліс сайлауына қатысқан және 5 немесе одан да көп пайыз дауыс жинаған. Сондықтан олар сайлау жарнасын төлемейді», - деді Сәбила Мұстафина.
Бірмандатты округтер бойынша сайлауға қатысқан үміткерлер 1 млн 50 мың теңге мөлшерінде сайлау жарнасын төлеуге тиіс.
Айта кетейік, сайлауда Мәжіліске 6 партия өтті. Сондай-ақ бірмандатты округтер бойынша 29 үміткер Мәжіліс депутаты атанды.