Сайлау нәтижесіне әсер етпейтін «бәріне қарсымын» графасы кімге керек?

Дәурен Ерболат

Бюллетеньді бүлдіргендер жауапқа тартылмайды

Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлау нәтижесіне әсер етпейтін «бәріне қарсымын» графасы кімге керектігін түсіндірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мәжіліс сайлауының қорытындысын жариялау кезінде БАҚ өкілі Нұрлан Әбдіровке сұрақ қойды. «Сайлауда 248 291 адам «Бәріне қарсымын» деп дауыс берді. Бұл графа мәселені шешпесе, сайлаудың нәтижесіне әсерін тигізбесе, оны неге енгіздік?» - деді ол. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы сұраққа толық жауап беруге тырысты.

Оның бір ғана қажеттілігі бар. Мысалы, «Сайлаушы аяғымен дауыс береді» деген қалыптасқан ұғым бар. Орысша «Избиратели голосует ногами» дейді. Сондықтан сайлаушылардың дауыс беруіне қатысты мәселе бар. Сайлаушы учаскеге келеді, бюллетень алады. Ол тіркелді, дауыс берді. Тіпті, біздің заңда ешқандай жауапкершілік жоқ: бюллетеньді бүлдірсе, оны қалтасына салып, алып кетсе. Ондайлар да бар. Енді (сайлауға) келіп, «бәріне қарсымын» деп дауыс беру – азаматтық позициясы. Сайлауға бармай, өзінің позициясын көрсетуге болады. Сайлауға барып тұрып, мен бәріңе қарсымын деу өзінің позициясын көрсетеді, - деді ол.

Нұрлан Әбдіровтің пікірінше, «бәріне қарсымын» деушілердің санын білу мемлекет пен партияға маңызды.

Ол адам (сайлауға) келіп, өзінің позициясын белгілеп кетеді. Мысалы, сіз санды («бәріне қарсымын» графасына қатысты) айттыңыз. Соншама адам келіп, «бәріне қарсымын» деп дауыс беріп кетті. Ол бюллетеньді бүлдірген жоқ. Бұл графа болмаған кезде жағдай қалай болды? Бәріне қарсымын деп өз қолымен жазатын. Ондай бюллетень жарамсыз деп саналатын. Ал бұл – жарамды бюллетень. Өйткені (дауыс берушінің) бәріне қарсымын деген позициясы бар. Ертең ол мемлекетке керек. Мемлекет пен саяси партиялар «Олар неге бәріне қарсымын дегенді белгіледі?» деп ойналады, - деді төраға.

Айта кетейік, сайлауда Мәжіліске 6 партия өтті.