Нұрлан Әбдіров ОСК төрағасы болып былтыр қаңтарда тағайындалған
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров міндетін адал орындап жүргенін, қызметінен кетуге ешқандай негіз жоқ екенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мәжіліс сайлауының қорытындысын жариялау кезінде журналист ОСК төрағасына сұрақ қойды.
«Сайлауда заңбұзушылықтар болды. Сайлау учаскелерінде бюллютендерді дауыс беру жәшіктеріне салып жатқан өрескел заңбұзушылықтарды көрдік. Мұның бәрі сайлаудағы басты заңбұзушылық болды. Сіз осы үшін өз жауапкершілігіңізді сезінесіз бе? Отставкаға кетуге дайынсыз ба?», - деді ол.
Нұрлан Әбдіров сайлау әділ өтуі үшін ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті.
..Бізде бірсыпыра дүние істеліп жатыр. Мына жерде отырған әріптестерім бар күш-жігерін салып, таза, ақ ниетімен осы жұмысқа кірісті. Өткен сайлауда, референдумда таза, ашық өткізуге бар күшін салды. Сізге осыны айта аламын. Елді аралап жүргенде де айтып жатырмын... Біз әрі қарай олқылықтарымызды, кемшіліктерімізді жоюға бар күшімізді саламыз, - деді ОСК төрағасы.
Нұрлан Әбдіров бүгін шетелдік бақылаушылармен кездесетінін жеткізді.
Бүгін сағат 5-те ОБСЕ-нің адамдарымен кездесеміз. Одан кейін миссия келейін деп жатыр. Олармен қандай шаралар қолдану керектігін талқылаймыз. Біз жабылып алып, бірдеңені көрпенің астында істеп жатқанымыз жоқ, - деді Нұрлан Әбдіров.
ОСК төрағасы бұл қызметті ешкімнен сұрап алмағанын әрі жұмысын адал орындауға тырысып жүргенін айтты.
«Сіздер бізге сеніңіздер. Бұл қызметті мен сұрап алған жоқпын. Осыны айтқым келеді. Өмірде қызмет сұраған емеспін. Маған жұмысты жүктеді, қолдан келгенше адал істеуге тырысып жатырмын. Әлі де тырысамын. Өз еркіммен бұл қызметті тастауға ешқандай негізде жоқ, арым таза», - деп сөзін түйіндеді ОСК төрағасы.