Ол былтыр отбасымен Қазақстанға қашып кеткен болатын
Ресейде әскерге ішінара жұмылдыру жарияланғаннан кейін соғысқа барудан бас тартып, Қазақстанға қашып келген Федералды қауіпсіздік қызметінің майоры Михаил Жилин өз елінде 6,5 жылға бас бостындығынан айырылды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Былтыр қыркүйек айында Новосібір қаласындағы Күзет федералды қызметінің майоры Михаил Жилин өзін Украинадағы соғысқа жібереді деген қауіппен отбасын алып, Қазақстанға қашып кеткен болатын.
Ол бүкіл дүние-мүліктерін сатып жіберіп, командованиеге өзінің «еңбекке жарамсыз» екенін айтып, арыз жазған. Сөйтіп, ол 27 қыркүйекте Қазақстан шекарасынан тексеру-өткізу бекетінің сыртын айналып өткен. Алайда Қазақстан оған «босқын» мәртебесін беруден бас тартқан.
Бұған дейін Михаил Жилин Федералды күзет қызметінің Новосібірдегі арнайы байланыс және ақпарат орталығында инженер болып жұмыс істеген. Ол Үкіметтің байланыс желісіне қызмет еткен.
Мұның алдында Семей соты оған Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтті деген айып тағып, шартты түрде жаза мерзімін берген. Ол осыдан кейін Арменияға ұшып кетуге әрекет жасаған. Бірақ Астана аэропортында ұсталған. Себебі Ресей билігі оған іздеу жариялап үлгерген.
Желтоқсан айының соңында Михаил Жилин Ресейге қайтарылды. Ал оның әйелі Екатерина Жилина саяси баспана сұрау үшін балаларымен бірге Қазақстаннан Францияға ұшып кетті.
Барнаул қаласының соты Жилинді 6,5 жылға қатаң колония режимінде жазасын өтеуге шешім қабылдап, офицер атағынан айырды.