Оқыс оқиға мереке күндері болған
Алматыда учаскелік полиция инспекторы кәмпитке қақалған кішкентай қызды құтқарды, деп хабарлады Polisia.kz.
Алмалы ауданы полиция басқармасының учаскелік инспекторы Бақдәулет Мамыр мереке күндері қайғылы оқиға бола жаздағанын жеткізді. Айтуынша, ол күні бойы қаладағы қоғамдық орындарда тәртіпті қамтамасыз етіп, кешке үйіне қайтып бара жатқан.
Рысқұлов пен Момышұлы көшелерінің қиылысында әйелдің айғайлаған дауысын естідім. Сол жерге жүгіріп бардым. Әйелдің баласын құтқармақ болып, жанталасып жатқанын көрдім. Ол кішкентай қыздың кәмпитке қақалып қалғанын айтты. Мен өте жылдам әрекет етіп, баланың басын төмен қаратып, арқасынан бірнеше рет қақтым. Осылайша, кәмпитке қақалған қызды құтқардым.
Барлығы өте тез болды. Мен қыздың атын да сұрамадым, өзімді де таныстырмаппын. Баланың аман қалғанына бәріміз қуандық. Бұл – менің полиция қызметкері ретіндегі борышым», – деді Бақдәулет Мамыр.