×

Батумиде Наурыз тойланды

Қонақтар асық атып, арқан тартты

 Ербол Тұрымбет 26.03.2023 | 15:05
фото: gov.kz

Аджария Автономиялық Республикасының астанасында Грузияда тұратын қазақстандықтарды ғана емес, сонымен қатар Аджарияның көпұлтты халқын біріктірген көктем мерекесі – Наурыз атап өтілді.

Сонымен қатар, қазақ мәдениеті осы күндері Батумиде жүрген түрлі елдердің туристеріне паш етілді. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, шара аясында қазақ мәдени мұрасының әсемдігі мен байлығын көрсететін бата беру мен шашу салт-дәстүрлері көрсетілген. Қонақтар асық ату, арқан тарту және басқа да ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстарға қатысты.

Мәдени бағдарлама барысында Маңғыстау облысынан арнайы барған «Ақ Шағыл» этно-фольклорлық тобы мен «Жорға» би ансамблі өз өнерлерін көрсетті. Қазақ шығармаларының көне ұлттық музыкалық аспаптарда виртуоздық орындалуы және дәстүрлерімізді көрсететін халық билері көрермендердің қошеметіне бөленді.

Мереке қонақтары, Батуми тұрғындары мен туристері арнайы тігілген қазақ киіз үйінде орналасқан А. Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің зергерлік бұйымдарымен, ұлттық киімдерімен танысты.

Дәстүрлі қазақ тағамдарының бай мәзірі және көктемнің басты тағамы – Наурыз көжемен мерекелік дастархан жайылды. Наурызды мерекелеудің шарықтау шегі тұсаукесер дәстүрлі рәсімін өткізу болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама