×

Алматы облысында қаңтардағы тәртіпсіздіктерге қатысқан 11 адам ұсталды

Ұсталғандардың қатарында ұйымдасқан қылмыстық топтың белсенді мүшесі - Сарқан ауданының 37 жастағы тұрғыны бар

 Думан Қырықбаев 05.04.2022 | 14:31
видеодан кадр: polisia.kz

Алматы облысында қаңтардағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырып, оған қатысты деген 11 күдікті ұсталды. Бұл туралы Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен хабарланды.

20-39 жас аралығындағы күдіктілер облыстың әр ауданында ұсталған. Олардан бұрын тәртіп сақшыларынан ұрланған атыс қаруы, арнайы қорғаныс құралдары мен оқ-дәрілер тәркіленген. Нақтырақ: екі тегіс ұңғылы аңшы мылтығы, көптеген оқ-дәрі, құқық қорғау және қауіпсіздік шараларында қолданылатын полицияның оқ өткізбейтін кеудешелері және арнайы құралдар тәркіленді. Тәркіленген қару-жарақ пен мүлік бұрын қалалық және облыстық полиция ғимараттарына шабуыл жасау кезінде ұрланған құралдар есебінде болған.

Алматы облысының полицейлері ҰҚК қызметкерлерімен бірлесе өткізген шара барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың белсенді мүшесі - Сарқан ауданының 37 жастағы тұрғыны ұсталған. Оны тінту кезінде «Макаров» тапаншасы, оған арналған оқ-дәрі және гашишке ұқсас ерекше иісі бар, салмағы 210 грамм жасыл түсті заттың бір бумасы тәркіленген.

Айта кететін тағы бір жайт, ұсталған азаматтың туыстары Полиция департаменті ғимаратына басып кіріп, тергеу барысына кедергі келтірмек болған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама