Halyq Uni логотип
×

Рыбакина Майами мастерс турнирінің төртінші айналымына шықты

Ол қатарынан 10-жеңісіне қол жеткізді

 Еркеғали Болатұлы 26.03.2023 | 10:43
Рыбакина Майами мастерс турнирінің төртінші айналымына шықты
фото: prosports.kz

Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-та өтіп жатқан Майами WTA 1000 турнирінің төртінші айналымына шықты.

Қазақстандық спортшы үшінші айналымда әлемнің бұрынғы 2-ракеткасы, қазір дүниежүзілік рейтингте 29-орында тұрған испаниялық Паула Бадосамен шеберлік сынасты.

Еске сала кетсек, Рыбакина Бадосаны өзі жеңімпаз атанған Индиан-Уэллс мастерс жарысында 6:3, 7:5 есебімен ұтқан болатын. Ал бұл жолы бірінші партияда қарсыластар бастапқыда қос-қостан брейк алмасқан еді. Есеп 3:3 болған мезетте Бадоса тағы бір брейк жасап, алға шықты. Сосын сетті тағы бір брейкпен бітірді – 6:3.

Екінші сетте Паула Бадоса брейкпен алға кетті. Есеп – 4:2. Дегенмен Елена таразы басын теңестіре алды – 4:4. Есеп 5:4 болып, Рыбакина доп бергенде, испаниялық теннисші матчболын пайдалана алмады. Бұдан кейін Елена қатарынан 3 геймді өз пайдасына жазды – 7:5.

Үшінші, шешуші партияда есеп 3:3 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасай алды. Ақыры матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:3.

2,5 сағаттан аса уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында Елена Рыбакина 12 эйс жасап, 15 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Қарсыласы 4 эйс, 5 брейкпен (15 брейк-пойнт) көзге түсті.

Осылайша, Елена қатарынан 10-жеңісіне қол жеткізді.

Енді Рыбакина жүлде қоры 8,8 млн долларға бағаланған мастерс додасының ширек финалына шығу үшін әлемнің 39-ракеткасы, бельгиялық Элиза Мертенс немесе рейтингте 41-сатыдағы хорватиялық Петра Мартичтің біреуімен таласады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама