ҚМДБ Рамазан айына арналған тоғыз кеңесін жариялады

Халық үні

ҚМДБ ауызашар, сәресінде жанұямен жиналып, бірге тамақтануға кеңес берген

Фото: massaget.kz

Рамазан айында жасалатын амалдарға және қасиетті айды пайдалы өткізуге қатысты тоғыз кеңесті ҚМДБ өзінің Instagram-дағы ресми парақшасында жариялады.

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы ұсынған Рамазан айына арналған тоғыз кеңес мынадай:

1. Рамазан айының әр минутын бос істерге ысырап етпей, ғибадатпен өткізіңіз. Кім уақытын тиімді пайдаланса, сауап алумен жеңіске жетеді;

2. Құранды өзіңізге дос тұтып, оны оқудан жалықпаңыз. Үй ішін соған дағдыландырыңыз. Өйткені Рамазан - Құран айы;

3. Намазды өз уақытында оқыңыз. Жанұяңызға имамдық етіңіз. Ер балалар сіздің артыңызда екінші сапта, әйеліңіз, қыздарыңыз үшінші қатарда тұрсын. Осылайша, жамағат намазының сауабын аласыз;

4. Таң намазын оқып болған соң, құлшылық жасаған орында күн шыққанға дейін Алланы зікір етіңіз. Күн найза бойы көтерілген соң екі рәкағат намаз оқыңыз. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде кім таң намазын оқып болып, орнында қалып, күн шыққанша Алланы еске алса, ал күн шыққан соң екі рәкағат намаз оқыса, ол толықтай кіші және үлкен қажылық өтегендей сауап алады» (Тирмизи);

5. Тарауих намазын үйде жанұяңызбен бірге жамағат болып оқып, артынан Аллаға дұға етіңіз. Артыңыздағы жанұяңыз сіздің дұғаңызға амин деп отырсын;

6. Ауызашар, сәресінде жанұяңызбен жиналып, бірге тамақтаныңыз. Өйткені тамақты бірге отырып жеу - Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жиналып, бәрің бірге отырып тамақтаныңдар, тамақтанудан алдын Алланы еске алып, «бисмилла» деп айтыңдар, сонда тамақ сендерге жұғымды әрі берекелі болады», - деген (Әбу Дәуд);

7. Әр күні ораза ұстаушының аузын аштырыңыз. Бұл берекелі айда жағдайы жоқ адамдарды да естен шығармаңыз. Хадисте: «Кімде-кім аузы берік адамға ауыз аштырса, ораза ұстаушының сауабындай сауап алады. Бұдан ауыз бекітушінің сауабы бір мысқал да кемімейді»», - делінген (Ибн Мәжа);

8. Ораза уақытында Алланы көп зікір ете отырып, дұғада болыңыз. Өйткені, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде хабар бергендей, үш адамның дұғасы кері қайтарылмайды: «Ораза ұстаушының ауыз ашар алдындағы дұғасы, әділ басшының дұғасы, мазлум болғанның (зұлымдыққа ұшырағанның) дұғасы», - деген. (Имам Ахмад);

9. Мешіттер жабылғанмен, сауап пен ізгілік есіктері ешқашан жабылмайды. Үйде орындаған құлшылықтарыңыз үшін Алланың қалауымен сауабын толық аласыз.