Кентаулық оқушы «Қара жорға» билейтін робот жасады (ВИДЕО)

Динара Амантай

Оның мақсаты – ұлттық дәстүрлерді техникалық саламен ұштастыру

Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Түркістан облысында оқушы ерекше роботты жасап шығарды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Кентау қаласындағы №23 орта мектептің 5-сынып оқушысы Аружан Смайл Оқушылар сарайындағы робототехника үйірмесіне қатысады. Жас өнертапқыш тәлімгері Ақниет Елемесованың жетекшілігімен биші робот жасап шығарды.

Басты мақсатымыз – «Арқан тарту», «Көкпар», «Теңге алу» секілді қазақтың ұлттық ойындарын техникалық саламен ұштастыру және өскелең ұрпақтың қызығушылығын арттыру, оларға жол ашу, – дейді Ақниет Елемесова.

Аружанның айтуынша, үйірмеге алғаш қатысқаннан кейін робототехникаға деген қызығушылығы артқан. Ол ұлттық дәстүрлерді насихаттауға бағытталған жоба жасағысы келіп, сол ойын жүзеге асырып отыр. «Қара жорға» биін билейтін ерекше роботты ол Наурыз мерекесінде көпшілікке көрсетті.

Аружан – робототехникада ғана емес, жаратылыстану, математикалық бағыттағы пәндерден де озат оқушы.