Шымкентте олимпиадаға қатысып жатқан 12 оқушы ауруханаға жеткізілді
«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының 12 оқушысы Шымкенттегі олимпиададан кейін ауруханаға жеткізілді.
Орталықтың мәліметінше, 21 наурыз күні кешкісін «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының олимпиадасына қатысып жатқан 904 баланың 12-сінде температураның жоғарылауымен, ішек-асқазан жолдары функциясының бұзылуымен байланысты ауру белгілері пайда болған.
«Жедел жәрдем» дәрігерлерінің қарауынан кейін балаларды Шымкент қаласының жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізу туралы шешім қабылданды.
«Қазір балалардың жағдайы тұрақты. Қаланың санитарлық-эпидемиологиялық қызметі жағдайдың себептерін анықтайды. Балалар медицина қызметкерлерінің, оның ішінде министрліктің бақылауында. Олимпиаданың ұйымдастыру комитеті осы қатысушыларға психологиялық қолдау көрсетеді. Жұмыс тобы әр сұрақты мұқият зерттейді. Жағдай Оқу-ағарту министрінің жеке бақылауында», - делінген хабарламада.
Оқу-ағарту министрінің тапсырмасы бойынша вице-министр Шолпан Каринова, орта білім комитеті төрағасының орынбасары және балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы бастаған жұмыс тобы сол жерге аттанды.