1,3 млрд теңге: Атырауда спорт алаңдарының құрылысы аяқталмай қалған

Динара Амантай

Олардың құрылысы бес жыл бұрын басталған

Фото: Halyq Uni

Атырауда миллиард теңгелік спорт алаңдарының құрылысы аяқталмай қалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі azh.kz сайтына сілтеме жасап.

Ақпараттық порталдың мәліметінше, 2018 жылы «Атырау қаласындағы орта мектептерге арналған спорт алаңдарының құрылысы» деп аталатын жобаны жүзеге асыру жұмысы басталған. Оның құны 1,3 млрд теңгені құраған, бірақ мердігер өзіне тиесілі соманың қомақты бөлігін ала отырып, белгісіз себептермен бүкіл жұмысты тоқтатқан.

Ақпаратты қала әкімдігі растап, тендерді «Фирма Лан» ЖШС ұтып алып, 2020 жылдың күзіне қарай №4, 6, 8, 12, 18, 20, Алтынсарин, Құнанбаев, Нысанбаев атындағы және т.б. мектептердің – барлығы 25 оқу орнының спорт алаңдарын салуға міндеттелгенін жеткізді.

Құрылыс-монтаж жұмыстары 60 пайызға орындалды, бірақ аяқталмады. Мердігердің нысанды аяқсыз қалдыруының себептері белгісіз. Мердігердің әрекетіне орынды түсініктеме беру мүмкін емес, – делінген әкімдік хабарламасында.

Қала әкімдігі 2018-2020 жылдары мердігерге келісілген соманың көп бөлігін төрт траншпен төлеген, қалдық 645 млн теңгені құрады.

Одан әрі аталған жағдайға байланысты сот ісі басталып, сот әкімдіктің мердігерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану және тұрақсыздық айыбын өндіру туралы талап арызын қанағаттандырудан бас тартқан. Ал құқық қорғау органдары «қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты» деген тұжырыммен басталған тергеу ісін тоқтатты.

Оның үстіне, өткен жылы «Фирма Лан» ЖШС өз кезегінде келісімшартқа қосымша келісімді қалпына келтіру туралы талаппен әкімдіктің үстінен сотқа шағым түсірген, сот бұл талапты қанағаттандырған.

Дегенмен, әкімдіктің мәліметіне сәйкес қосымша келісімшарт жасалған соң мердігер мекеме құрылыс жұмыстарына жұмылдырыла бастайды.