Tech Orda мектептерінде кімдер оқи алады: IT-мамандардың 31 пайызы – әйел
Қазақстандағы IT сфера жаңа деңгейге көтеріліп келеді
Қазақстандағы IT сфера жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Көптеген компаниялар сауатты бағдарламашылар мен әзірлеушілерге мұқтаж. Онлайн жұмыс іздеу және жалдау платформасының мәліметіне сүйенсек, IT саласындағы бос жұмыс орындарының саны 2021 жылмен салыстырғанда 57%-ға өскен. Елімізде ақпараттық технологиялардың дамуына қатысты сұқбат берген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі департаментінің директоры Ерсұлтан Ерманов Tech Orda бағдарламасы мен мектептер туралы кеңінен әңгімелеп берді.
– Tech Orda бағдарламасының мақсаты қандай және бүгінге дейін қанша маманды дайындап үлгерді?
– Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында Үкіметке 100 мың ІТмамандарды даярлауды тапсырды. Осы тапсырманы орындау мақсатында Министрлік ІТ-маман болғысы келетін азаматтарға ваучер көздейтін «Tech Orda» бағдарламасын іске қосты. «Tech Orda» – бұл IT саласында адами капиталды дамытуға бағытталған бағдарлама. Бағдарлама кадрлар мен білім беру мекемелерінің дамуын ынталандыра отырып, IT саласында жеке тұлғаларды оқытуға қаржыландыруды ұсынады. Жоспар бойынша 2025 жылға дейін жекеменшік IT-мектептерде 20 000 білікті маман даярланады. «Tech Orda» бағдарламасы 2021 жылы пилоттық тәртіпте іске қосылып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен 100 студент білім алған болатын. Олардың әрқайсысына 600 мың теңге қаржылай қолдау көрсетілді. 2022 жылдың қыркүйегінде «Tech Orda» бағдарламасының аясын кеңейту мақсатында ІТ саласына қазақстандық мамандарды дайындауға бөлінетін ваучерлер алу үшін жеке IT-мектептер талапкерлерден өтінім қабылдай бастады. Нәтижесінде, тәуелсіз комиссияның шешімі бойынша ІТ саласының түрлі бағыттары қамтылған 146 курс ұсынған 49 ІТ-мектеп іріктелді. 3068 студентке ваучер берілді, яғни осы уақытқа дейін 3168 маман даярланды. Арнайы жасалған алгоритмнің математикалық моделі негізінде осы мектептерге 3 мыңнан астам ваучер таратылды. Жалпы, «Tech Orda» бағдарламасы ІТ саласын нығайту үшін білікті мамандарды даярлауымен қатар Қазақстанның түкпір түкпірінде орналасқан заманауи IT мектептердің дамуына үлес қосады.
– Tech Orda мектептерінде кімдер оқи алады? Арнаулы білімі жоқ азаматтар оқи ала ма? Оқушыларды іріктеудің нақты талаптары қандай?
– Tech Orda бағдарламасы бойынша қызметі мен мамандығына қарамастан, Қазақстанның 18-45 жас аралығындағы басқа да білім маманы оқи алады. Яғни басты талап - 18-45 жастағы Қазақтан азаматы болу. Жалпы, курстардың көбі IT саласында тәжірибесі жоқ адамдарға арналған, мұндай жағдайда арнайы білім қажет емес. Алайда егер жеке курстың материалы белгілі бір білім мен бағдарламалау дағдыларын қажет етсе, мектептер үміткерлердің дайындық деңгейіне қосымша талаптар қоя алады.
– Оқытудан өткен мамандардың жұмыспен қамтылуы қадағалана ма? Жаңа мамандар өз әлеуетін қайда көрсетеді?
– Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2018 жылғы 26 қыркүйектегі №415 бұйрығы «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркі қызметінің қағидаларын бекіту туралы» негізінде «Astana Hub» IT-стартаптардың халықаралық технопаркі (бұдан әрі – Astana Hub) «Tech Orda» бағдарламасының операторы болғандықтан, түлектерінің жұмысқа орналасу барысына мониторинг жүргізетін болады. Қазіргі уақытта 3 мыңнан астам студент Python, Java, Golang (frontend, backend және full-stack әзірлеушілер) бағдарламалау тілдері, деректерді талдау, data science және т.б. сияқты 146 курста оқиды. Бұл бағыттардың барлығы ҚР нарығында да, шетелде де сұранысқа ие. Қазақстандықтар жергілікті компаниялармен қатар фриланстағы жұмысты да көп таңдайды, яғни өз елімізде тұрса да, халықаралық фриланс биржалардан тапсырыстар қабылдайды. Сондай-ақ IT-мектептерге ваучерлерді бөлу кезінде олардың түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі мен жалақы көлемі деген сияқты қосымша көрсеткіштер де ескеріледі. Бұл мектептерді өз түлектерін жетекші IT-компанияларда жұмысқа орналастыруға ынталандыратыны сөзсіз.
– Tech Orda бағдарламасы бойынша іріктелетін мектептерге қандай талап қойылады? Биыл қанша мектеп іріктелді?
– Жалпы, бұл бағдарламаға қатысу үшін 70 ІТ-мектептен өтініш түсті. Нәтижесінде, тәуелсіз комиссияның шешімі бойынша ІТ саласының түрлі бағыттары қамтылған 146 курс ұсынған 49 ІТ-мектеп іріктелді. Арнайы жасалған алгоритмнің математикалық моделі негізінде осы мектептерге 3 мыңнан астам ваучер таратылды. Сонымен қатар «Tech Orda» бағдарламасы аясында 2 халықаралық компания - EPAM және Sigma Software Labs тартылды.
Мектептерге қойылатын талаптар:
1. Astana Hub мүшесі болу;
2. Курстың ұзақтығы 6 айдан кем болмауы тиіс;
3. Салық берешегінің болмауы;
4. Курстардың силлабустары;
5. Мектеп тұжырымдамасы, ұжым, білім беру нысаны, мақсатты аудитория, студенттерді іріктеу процесі, курс мазмұны, масштабтау жоспарлары, оқыту әдістері, оқыту технологияларының заманға сай болуы және оларды қолдану, нәтижелерді бағалау жүйесі және білім сапасы мен өзектілігін көрсету үшін қажетті басқа ақпаратты қамтитын бейнебаян.
6. Жалпы мектеп жайлы Pdf форматындағы презентация;
7. Курстар, мектеп ұжымы туралы ақпаратты қамтитын, әлеуметтік желілерге сілтемелері бар интернет-ресурстың болуы.
– 2022-2023 жылдары Tech Orda бағдарламасына қанша қаржы бөлінді?
2022-2023 оқу жылына арнайы жасалған алгоритмнің математикалық моделі негізінде осы мектептерге 3 мыңнан астам студент іріктелді. Бір студентке жұмсалатын ваучердің көлемі 600 000 теңгеден аспауы тиіс. Егер курс бағасы 600 000 теңгеден кем болса, алгоритм сол курстың нақты/негізгі бағасын таратады.
– IT мамандықта оқығысы келетін қыздардың үлесі қандай және еліміздегі IT мамандардың қанша пайызы әйелдер?
– Бүгінгі таңда Astana Hub-та 1043 IT-компания тіркелген, оның 179-ын әйелдер басқарады. Сондай-ақ соңғы кездері ІТ-мамандыққа оқығысы келетін қыздардың саны артып келе жатқандығы байқалады. «Tech Orda» бағдарламасы аясында бөлінген 3 068 гранттың 39 пайызын әйелдер алды. Технопарк ұжымындағы қыздардың үлесі 61% құрайды, соның ішінде 63 пайызы басшылық қызметте. Яғни қазіргі уақытта еліміздегі IT-мамандардың 31 пайызы әйелдер құрайды. Сонымен қатар, IT мамандық бойынша оқытушылардың басым бөлігі әйелдер (69%).
– Шетелдік нарыққа шыққан әйелдер негізін қалаған IT жобалар бар ма?
– Соңғы мәліметтер бойынша, шетелдік нарыққа әйелдер басқаратын 30 ІТ компания шықты.
– Қазақстанда IT-бизнесті бастау үшін қандай мүмкіндіктер қарастырылған? Қандай қолдаулар бар?
– 2018 жылы жеңілдетілген визалық және еңбек режимдерін, сондай-ақ жеңілдетілген салықтық режимді көздейтін заңнамалық түзетулер қабылданды, ол бизнесті дамытуға және жаңа жобаларды іске асыруға кірістерді қайта инвестициялау мақсатында бірқатар негізгі салықтарды төлеуден босатады. Astana Hub-тің барлық қатысушылары салық жеңілдіктеріне ие болады. Преференциялар қатысушыларды КТС, ҚҚС, бейрезиденттен жұмыстарды, қызметтерді сатып алу бойынша ҚҚС, үшінші елдерден тауарлар тізбесі бойынша импортқа ҚҚС, роялти салығы, резиденттер үшін ЖТС және шетел азаматтары үшін әлеуметтік салық сияқты салықтарды төлеуден босатады. Мемлекеттік қолдаудың мұндай шарасы ITкомпанияларға үнемделген қаражатты өз жобаларын дамытуға қайта инвестициялауға мүмкіндік береді. 1000-нан астам IT-компания Astana Hub қатысушысы болып, салық преференцияларын алады. 2019 жылдың сәуір айынан бастап 2022 жылдың соңындағы жағдай бойынша Astana Hub қатысушылары 64 миллиард 977 миллион 980 мың теңге үнемдеді. Қатысушылардың көпшілігі Астана, Алматы қалаларынан. 5 жылға дейін жұмыс визасы - қатысушы мәртебесі компанияларға шетелдік жұмысшыларды тартуға және стандартты 3 жылдың орнына 5 жылға дейін жұмыс визасын алуға мүмкіндік береді. Тартылатын шетелдік қызметкерлер санына квота жоқ – Қазақстандағы компанияларда жұмыс істейтін шетелдік қызметкерлер санына шектеу бар. Бірақ егер компания Astana Hub қатысушысы болса – бұл шектеу алынып тасталады. Шетелдік жұмыс күшін тарту үшін рұқсат алудың қажеті жоқ – осылайша, қатысушы компаниялар салық алымын төлеуден босатылды. Өзге жағдайда, шетелдік қызметкерді жалдау кезінде компания рұқсат үшін 137-ден 513 АЕК-ке дейінгі мөлшерде салық алымын төлейді.
– Astana Hub базасында қанша шетелдік компаниялар тіркелген және олардың қаншауы ресейлік?
– 2022/2023 жылдары мемлекеттік бюджетке қанша пайда әкеледі? Қазіргі уақытта 2019 жылдан бастап Astana Hub-та шетелдік қатысумен 249 компания тіркелген. Оның ішінде Ресейдің қатысуымен 157 компания бар.
– Әңгімеңізге рақмет!