Астанада күніне 30 млн литр су жетіспейді – министрлік

Ая Өміртай

Су тапшылығы мәселесін шешу мақсатында қолға алынған жоба құны – 59,4 млрд теңге

фото: ашық дереккөз

Бүгінде Астана қаласында тәулігіне 30 млн литрден астам көлемде ауыз су жетіспейді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова сайтымызға берген сұқбат барысында мәлім етті.

– Халық санының өсуіне байланысты астанада ауыз су тапшылығы қауіпі бар ма және алдын алу мақсатында қандай шаралар қолға алынған? Сонымен қатар қазір орта есеппен астаналықтардың ауыз су тұтыну мөлшері қанша?

– Бүгінгі таңда елорда бойынша сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 98,9% құрайды. Сонымен қатар, Астана су қоймасында қуаттылығы тәулігіне 410 мың м3 болатын 1-ші көтергіш екі сорғы станциясы орналасқан. Су дайындау жалпы қуаттылығы 305 мың м3 (қуаттылығы 200 мың м3 ТҚЖ-1 және қуаттылығы 105 мың м3 ТҚЖ-2) қолданыстағы екі ТҚЖ-тен жүргізіледі.

– Су тапшылығына қатысты министрліктің болжамы, я зерттеуі бар ма?

– Бұл ретте тәулігіне 30 мың м3 астам көлемде ауыз су тапшылығы бар. Бұл литрмен есептегенде 30 000 000 литр деген сөз. Су тапшылығы проблемасын шешу мақсатында өнімділігі тәулігіне 105 мың м3 болатын жаңа ТҚЖ-3 құрылысы жүргізілуде. Жоба аясында №31 көше бойындағы ТҚЖ-3 алаңынан Тұран даңғылына дейінгі ұзындығы 17 км магистральдық су құбырын салу көзделген. Жобаның құны 59,4 млрд теңгені құрайды. 2022 жылы бюджет есебінен 30,9 млрд.теңге бөлінді және игерілді (РБ-30 млрд. теңге, ЖБ-0,9 млрд. теңге). Биыл жобаны жалғастыруға республикалық бюджеттен 12,6 млрд. теңге көзделген. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың бюджетін нақтылау кезінде жобаны аяқтауға 14,7 млрд. теңге сомасында қаражат бөлу қолдау тапты. Жобаның аяқталуы 2023 жылдың соңына дейін жоспарланған.

– Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020 - 2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыругға қанша қаржы жоспарланған және қаншалықты тиімді пайдаланды? Оның ішінде қаржыныңн басым бөлігі кай өңірлерге қандай мақсатта жұмсалды?

– Тұрғын үй-коммуналдық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі № 736 қаулысымен күші жойылды) шеңберінде 2020-2022 жылдар аралығында 3,1 трлн. теңге қаражат жоспарланып, нәтижесінде барлығы 75 261 пәтер, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына, жұмыс істейтін жастарға 28 109 пәтер жалға берілетін және 47 152 кредиттік тұрғын үй салынды (сатып алынды). Әкімдіктерде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 2% және 5%-бен жеңілдетілген кредит беру арқылы 40 мыңнан аса қарыз берілді. Жаңа тұрғын үй аумақтарына 20 мың шақырымнан астам инженерлік желілер (су, электр, газ, жылумен жабдықтау, кәріз желісі, телефондау) тартылып, 13 мыңнан астам су құбыры және кәріз желілері салынды және қайта жаңартылды.

Сонымен қатар, кредиттеу және субсидиялау шеңберінде тозған желілерді жаңғырту мақсатында 57 мың шақырымнан астам жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелері салынды және қайта жаңартылды. 711 тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілді.

Қаражат негізінен әкімдіктердің ұсынған бюджеттік өтінімдеріне сәйкес бөлінеді. Оның ішінде Түркістан, Қарағанды, Ақтөбе, Жамбыл, Алматы, Солтүстік-Қазақстан, Атырау, Шығыс-Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Атырау облыстары және Астана, Алматы, Шымкент қалалары және т.б. тұрғын үй, инженерлік желілер  құрылысы бойынша жоғары сұранысты қажет етті.

2023 ЖЫЛЫ ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒАСЫ 118%-ҒА ҚЫМБАТТАДЫ

– Бастапқы нарықтағы жэне қайталама тұрғын үй нарығында тұрғын үй бағасы сонғы үш жылда неше есеге кымбаттады? Осы негізде орташа статистикалық қазақстандық отбасының орташа табысын негізге алсақ, жеке менштік тұрғын үй сатып алу үшін шамамен неше жыл қаржы жинауы керек?

– Статистикалық мәліметке сәйкес 2020-2022 жылдар аралығында бастапқы нарықтағы жаңа тұрғын үй 2020 жылы – 307 600 теңге (өткен жылдың ұқсас кезеңіне 106,5%-ға), 2021 жылы – 361 269 теңге (өткен жылдың ұқсас кезеңіне 112%-ға), 2022 жылы – 437 459 теңге (өткен жылдың ұқсас кезеңіне 117,8%-ға), қайталама нарықтағы тұрғын үй 2020 жылы – 228 218 теңге (өткен жылғдың ұқсас кезеңіне 107,9%-ға), 2021 жылы – 290 042 теңге (өткен жылдың ұқсас кезеңіне 123,2%-ға), 2022 жылы – 482 197 теңгеге (өткен жылдың ұқсас кезеңіне 125,8%-ға) қымбаттады. Сонымен қатар, статистикалық мәліметке сәйкес нарықтағы тұрғын үй бағасын, халықтың табысы мен шығыстарын есептей отырып, тұрғын үйге қолжетімділік 7– 8 жылдар аралығын қамтыды.

– 2020 жылдан бері ипотекалық кредиттеу динамикасы қалай өсті немесе кеміді?

– Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі туралы ереженің 1-тармағына сәйкес оның функциялары қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ету, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу және қаржы нарығын дамыту, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады.  Осыған байланысты, ипотекалық кредиттеу мәселесі Министрліктің құзыретіне кірмейді.

– Республика бойынша тұрғын үй қорының тозу процесі қанша пайыз? Көппәтерлі тұрғын үйлердің қанша бөлігі ескі саналады? Қалпына келтірілмейтін авариялық күйде қанша үй бар және қаншауы күрделі жөндеуді қамтамасыз етеді? Астана, Алматы, Шымкент, Семей, Өскемен, Қарағанды, Ақтау қалалары бойынша жекелеген статистикалық деректер қалай өзгерді?

– Қазіргі таңда Республика бойынша 752 апатты және 3024 тозығы жеткен көппәтерлі тұрғын үй бар. Республика бойынша тұрғын үй қорын тозу проценті 5,5% құрайды. Оның ішінде ең көп орналасқан тозығы жеткен үйлер саны Алматы қаласында 1206, Астана қаласында авариялық үйлер саны 208, Атырау облысы бойынша авариялық үйлер саны 119.

41 ҚАЛАДА КӘРІЗ ЖҮЙЕСІНІҢ 60%-Ы ТОЗҒАН

– Қазақстанның 27 қаласында кәріздік-тазарту құрылыстары жоқ немесе толық тозғандығы айтылады. Бұл мәселені шешу қалай көзделген?

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылдан бастап 2029 жыл аралығында кәріз тазарту құрылыстарының құрылысы қамтамасыз етіледі. Бүгінгі таңда республиканың 89 қаласынан 27 қалада КТҚ жоқ,
41 қалада тозу 60%-дан асады. Жалпы алғанда, КТҚ салу немесе қайта құру 68 қалада қажет етеді. Бүгінгі таңда Ақтөбе, Қарағанды, Балқаш, Қонаев, Шымкент, Астана, Атырау, Сарыағаш, Форт-Шевченко, Ақтау, Түркістан және Ленгер сияқты 12 қалада КТҚ жобаларын іске асыру басталды. Қалған қалалар бойынша (62 қала) Министрлік халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздарын мемлекеттік кепілдікпен тарту арқылы және республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен іске асырылатын болады. Қаржыландыруды ұсыну бойынша белсенді жұмысты Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкі мен Азия Даму Банкі жүргізеді.

– Қабылданған шаралар нәтижесінде жылумен, сумен жабдықтау, су бұру желілерінің тозуы қанша пайызға томендеді немесе өсті?

– Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің жалпы ұзындағы шамамен 129 мың км құрайды (жылумен жабдықтау – 14 мың. км, сумен жабдықтау – 98 мың. км, су бұру – 17 мың. км). Олардың орташа тозуы – 51% (жылумен жабдықтау – 54%, сумен жабдықтау – 43%, су бұру – 55%). Министрлік бюджеттік кредиттеу және субсидиялау тетіктерін енгізу арқылы жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру секторын коммерцияландырудың негізін құрды. Осы шара бюджеттен тыс қаражатты тартуға, бірыңғай технологиялық саясатты енгізуге және энергия тиімді технологияларды қолдануға мүмкіндік берді. 2015-2022 жылдар аралығында жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңғырту бойынша 445 жобаны іске асыруға бюджеттік кредиттеу және субсидиялар түрінде 295 млрд. теңге бөлінді. 3 546 км жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілері салынды және реконструкцияланды. Осы жұмыстың, сондай-ақ түрлі көздерден қаржыландырудың арқасында жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуы 2015 жылғы 65%-дан 2022 жылы 51 %-ға дейін төмендеді.

Әкімдіктердің жедел деректеріне сәйкес 2022 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 3 мың. км жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілері реконструкцияланды («Нұрлы жер», «Ауыл ел бесігі», 2025 жылға дейін өңірлерді дамыту, Шағын және моноқалаларды дамыту мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде).

Бұл ретте, Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2030 жылға қарай жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуы 40%-ға дейін төмендетілетін болады.

Сонымен қатар, Министрлік инженерлік желілердің (жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілері) жай-күйі және жергілікті атқарушы органдардың тұрақты негізде атқарған жұмыстары туралы мониторинг жүргізеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

P.S. Су – климаттың адам мен табиғатқа, өмір сүру құралдары мен қоғамның әл-ауқатына әсері жүзеге асырылатын негізгі орта болып табылады. Су ресурстарының жағдайы ауа температурасы мен жауын-шашынның өзгеруіне және олардың экстремалды көріністеріне тікелей әсер етеді. Қазақстан қазірдің өзінде су ресурстарының тапшылығын бастан кешіруде және болжамдарға сәйкес, 2040 жылға қарай 50% мөлшерінде су ресурстарының айтарлықтай тапшылығына тап болуы мүмкін. Экономиканың барлық дерлік салалары суға тәуелді болғандықтан, оның республика аймақтарындағы тапшылығына байланысты 2050 жылға қарай ЖІӨ 6 пайызға төмендеуі мүмкін екендігі жиі айтылады.

Мамандардың пікірінше, еліміздегі су ресурстарының тапшылығына табиғи жағдайлар (өзен ағынының 90%-ы көктемде келеді) және ағынның жартысына жуығы көршілес мемлекеттер аумағында қалыптасуы, сондай-ақ олардың экстенсивті пайдалану, суару үшін қайтарымсыз суды шамадан тыс тұтыну және суды ысырап ету әсер етіп отыр. Демек, Қазақстандағы суармалы судың өнімділігі шет елдермен салыстырғанда 6-8 есе төмен.

Қазақстандағы өзендер ағынының 44%-дан астамы басқа мемлекеттердің аумағында қалыптасатын болғандықтан тапшылық ең алдымен көршілес елдердегі суды қарқынды пайдалану есебінен болып отыр. Климаттың өзгеруі әсерді күшейтіп, өзендердің су құрамының төмендеуіне әкелеіп соғады. Қазірдің өзінде Жайық, Тобыл, Іле, Ертіс, Есіл сияқты өзендердің жылдан жылға тайыздануының куәсі болып отырмыз.