Халықаралық іздеудегі қазақстандық әйел Швецияда ұсталды

Еркеғали Болатұлы

Қазір ол Астанадағы тергеу изоляторында жатыр

фото: h-news.kz

Экстрадициялау туралы шарттың болмауына қарамастан, Швецияның Әділет министрлігі қарым-қатынас қағидаты негізінде жалған ақшаны ірі мөлшерде айырбастағаны үшін іздеуде жүрген әйелді елге қайтару туралы Қазақстан Бас прокуратурасының өтінішін қанағаттандырды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Б. есімді әйел 2019 жылғы желтоқсан мен 2020 жылғы қаңтар аралығында Қазақстан банктерінің бірінде қызметкерлердің көмегімен жалған еуро банкноттарын заңсыз айырбастады деген күдікке ілінді.

Қылмыс жасағаннан кейін құқық қорғау органдарынан жасырынған оған халықаралық іздеу жарияланған.

Оның серіктестеріне әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру туралы үкім шыққан. Бүгін Бас прокуратура мен Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен күдіктіні қылмыстық жауапқа тарту үшін Қазақстанға экстрадициялады, - деп жазылған хабарламада.

Қазір ол Астанадағы тергеу изоляторына қамалды. Жоғарыда аталған қылмысты жасағандар 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.