Мәселенің жалғыз шешімі – жылу орталығын коммуналдық меншікке беру, - деді Даниал Ахметов
21 наурызда ШҚО Риддер қаласындағы жылу электр орталығының екі қазандығынан өрт шықты. 50 мыңға жуық тұрғыны бар қалада тағы да жылу төмендеді.
Қала тұрғындары ШҚО әкімі Даниал Ахметов пен Риддер қаласының әкімі Дмитрий Горьковойдың Instagram-дағы парақшаларына суық үйде отырғандарын жазып, шағымданған.
Даниал Ахметов осы жағдайға қатысты мәлімдеме жасап, ЖЭО-ның жаңа иелеріне сенім жоқ екенін айтты.
Сондықтан мәселенің жалғыз шешімі – жылу орталығын коммуналдық меншікке беру. Келесі аптада жиналыс өткіземін, станция иелерінің нақты ұсыныстарын тыңдаймын. Өз тарапымыздан күрделі жөндеу жүргізу және орталықты жаңа жылыту маусымына дайындау үшін заңнамалық түрде коммуналдық меншікке алу шараларын бастаймыз, – деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, жыл басында келген жаңа инвесторлар жабдықты жөндеп, дебиторлық берешекті өтеуге қаражат бөлмеген. Сондай-ақ Даниал Ахметов екі қазандықтың істеп тұрғанын, ал өрт шыққан екі қазандық жақын арада іске қосылатынын айтты.
Еске сала кетсек, бұның алдында ғана осы ЖЭО-да жанармаймен қамтамасыз ету цехында өрт шығып, жылу желісінің температурасы уақытша төмендетілген еді.