Абай облысында ерлі-зайыпты қылмыс үстінде ұсталды
Жарма ауданында аса ірі көлемде есірткі саудалаған әйелі мен күйеуі «Алматы-Семей» тасжолында көлікпен келе жатқанда ұсталды
Абай облысы Жарма ауданында ірі көлемдегі есірткі саудасымен айналысқан ерлі-зайыпты ұсталды. Бұл туралы Абай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Департамент мәліметінше, Жарма ауданында аса ірі көлемде есірткі саудалаған әйелі мен күйеуі «Алматы-Семей» тасжолында көлікпен келе жатқанда ұсталды.
«Тінту кезінде ер адамның оң аяғындағы шұлығынан ұнтаққа ұқсас ақ түсті зат салынған зип-пакет табылды. Сондай-ақ көлікті тексеру кезінде артқы орындықта жатқан жол сөмкесінен дәл осындай зат салынған 2 орама тәркіленді», - делінген хабарламада.
Сараптама көрсеткендей, бұл жалпы салмағы шамамен 400 грамм болатын «A-PVP» психотроптық затының аналогы болып шықты.
«Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 297-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Осы баптың санкциясында 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», - делінген хабарламада.