Экс-депутат ауыл саябағына өз туыстарын жерлеп жатыр - Жамбыл облысы
Ауыл тұрғындары жердің заңсыз берілгенін айтады
«Аудан әкімі ауыл саябағын адам жерлейтін жерге айналдырды» деген Жамбыл облысы, Саудакент ауылы тұрғындары бас көтерді.
Тұрғындардың айтуынша, Сарысу ауданы әкімдігі облыстық мәслихаттың экс-депутатына отбасылық пантеон салуға заңсыз жер берген. Бір гектар жерді құжатсыз иемденген бұрынғы депутат сол аумаққа жақындарын жерлеп, күмбез қойған.
Енді тұрғындар қорымға көмілген адамдардың мүрдесін қазып алып, басқа жерге жерлеуін талап етіп отыр. Саудакенттік ақсақалдар қазір мұнда экс-депутаттың күмбезбен көмкерілген екі туысының бейіті бар екенін айтады. Олар осы қорым мәселесін үш жыл бойы көтерген, тіпті үш рет сотта жеңіп шыққан.
Білгенін істеп отыр. Әйтпесе адамдар демалатын жерде адам кесене тұрғыза ма? Жер жетпей жатыр ма? Үкіметтің рұқсат еткен қорымына салсын, - дейді Сарысу ауданының тұрғыны Бақытжан Исабеков.
Сарысу ауданының тағы бір тұрғыны Егізбек Сәтұлы да бұл жағдайға жергілікті шенеуніктерді кінәлайды. Ол «Адамдардың бұл жерге заңсыз жерленгенін, әкімнің шешімі жойылсын» деп соттан хат келіп жатқанын да айтты.
Ауыл ақсақалдары бұл жерді кәсіпкер-депутатқа бұрынғы аудан әкімі Қанатбек Мәдібек заңсыз бергенін айтады. Тіпті жер әлі заңдастырылмай жатып адам жерлеуді бастап кеткен. Қариялардың уәжін әкімдіктің жерге жауапты қызметкерлері де жоққа шығармады. Алайда 14 адамнан тұратын комиссия «бәрі дұрыс» деген шешім шығарған.
«Әр адамға тарихи-мәдени ескерткіш сала бермейді ғой. Қай мақсатта соқпақ болғаны бізге беймәлім болды. Содан аудандық комиссияда қаралды. Онда мен тек жалғыз өзім дауыс берген жоқпын», - дейді Сарысу аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ерболат Ұзақбеков.
Ал Жамбыл облыстық мәслихатында 25 жыл бойы депутат болған кәсіпкер «Әулетіме қорым жасаудан аулақпын» деді. Дегенмен тарихи тұлғалар үшін деп кешен салдыруға 28 млн теңге шығындап, сол кездегі аудан әкімінен рұқсат алғанын растады.
Жерді біз бұрыннан алып, Қанатбекпен (бұрынғы аудан әкімі - авт.) сол жерді мемориалдық кешенге сатып аламыз деп қойғанбыз. Соған Қанатбектің өзі келісім берген. Аудан әкімі келісім бермесе, қорым салатындай ақымақ емеспіз ғой, - дейді Жамбыл облыстық мәслихатының экс-депутаты, кәсіпкер Асаубай Майлыбаев.
«Әкім қателігінен алауыз болдық» деген ағайын кешеннің алдына қара құлып салған.
Біраз жылдан бері жалғасып келе жатқан ауыл белсенділері мен экс-депутат арасындағы бұл даудың бітпейтін түрі бар. Енді екі тарап мәселені көтеру үшін елордаға дейін баратынын айтып отыр.