Ақтөбеде әйелі мен қызын пышақтаған мектеп директоры жазықсыз деп танылды
Сотталушының жәбірленушіні өлтіруге пиғылы, ниеті болмаған
Ақтөбе облысында келіншегі мен өгей қызына пышақ жарақатын салған мектеп директоры сот залынан босатылды. Судья оның жақындарын өлтіруге ниеті болмағанын айтады деп хабарлады КТК арнасы.
Үкімді тыңдауға жәбірленуші тарап келмеді. Олар аудан орталығынан онлайн-байланыс арқылы қосылды. Осыдан бес ай бұрын Шалқар ауданындағы Жаңақоныс ауылында 37 жастағы білім ошағының басшысы ұстаздар мерекесін тойлаған. Мас болып әйелімен сөзге келеді. Жүкті келіншегіне пышақ ала жүгіріп, денесінің бірнеше жерін тілгілепті. Сегіз жасар өгей қызының да құлақ тұсын пышақпен осып өткен. Оған адам өлтіруге оқталды деген айып тағылып, тәртіп сақшылары қамауға алған еді. Бірақ сотта жарақаттың жеңіл екені анықталған.
Сондай-ақ, ауыр қылмысқа барар болса, жарының жанды жерінен пышақ сұғуына мүмкіндігі болды дейді судья. Сондықтан таққан айып тым ауыр деп шешті. Оған бес айда қамауда отырғаны жаза болды деп есептеп, әйелі мен өгей қызына екі миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттеді.
«Сотталушының жәбірленушіні өлтіруге пиғылы, ниеті болмаған. Ол бір нақты пиғылсыз, белгілі бір ниетсіз әрекет еткен, ашумен. Өз әрекетіне жауапсыздықпен қарап, келтірген зиянға мән бермей, тек қорқыту үшін жеткілікті қандай да болсын бір күш қолданып, зиян келтіруге ниеті болмаған деп есептейді сот», – деді Ақтөбе облысы ауданаралық мамандандырылған қылмыстық сот судьясы Нұрлан Бақтығалиев.