×

Сайлауда заң бұзғандар жауапқа тартылды – Бас прокуратура

Сайлау комиссиясының мүшелері де заң бұзған

 Дәурен Ерболат 20.03.2023 | 20:05
Фото: abai.kz

Мәжіліс және мәслихат депутаттары сайлауында заң бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Бас прокурордың аға көмекшісі Азамат Сарғазин айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Дауыс беру күнін қосқанда жалпы сайлау тыныш өтті. Азаматтардың сайлау құқығын бұзатын елеулі заңбұзушылықтарға жол берілген жоқ. Дегенмен қадағалау барысында сайлаудың қорытындысына айтарлықтай кері әсері тимейтін заң талабын бұзудың жекелеген фактісі анықталды» - деді Азамат Сарғазин ОСК-де өткен брифингте.

Оның айтуынша, сайлауда заң бұзып, жауапқа тартылғандардың саны сағат сайын өзгеріп жатыр.

Соңғы ақпаратқа сәйкес тағы 6 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осылайша, дауыс беру күні болған әкімшілік құқықбұзушылықтар саны 40-қа жетті. Оның ішінде 11-і бізге келіп түскен өтініштерді қарау нәтижесінде анықталды. Барлық дерек бойынша кінәлі адамдар әкімшілік жауапқа тартылды, - деді Бас прокуратура өкілі.

Сайлау заңын бұзуға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық бойынша өндірісті қозғау құқығы прокурордың ерекше құзіретінде.

«Азаматтарға басқа адамдар үшін дауыс беруге мүмкіндік жасау мақсатында сайлау бюллетендерін беру түріндегі құқықбұзушылықтар үшін учаскелік комиссиялардың 18 мүшесіне Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 110-бабы бойынша айыппұл салынды: Алматы облысында – 5 адам, Солтүстік Қазақстан облысында – 3 адам, Жамбыл, Жетісу және Түркістан облыстарында 2 адам, Алматы мен Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Павлодар облыстарында – 1 адам.

Тең сайлау құқығы туралы талапты басқа сайлаушы үшін дауыс беру арқылы бұзғаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 108-бабы бойынша 17 адам әкімшілік жазаға тартылды: Шығыс Қазақстан облысында – 4 адам, Алматы облысында – 3 адам, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында – 2 адам, Ақтөбе, Түркістан облыстарында – 1 адам. Осы 17 құқықбұзушылықтың төртеуі учаскелік комиссия мүшелері тарапынан жасалған», - деді Азамат Сарғазин.

Сайлау болатын күні үгіт жүргізгені үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 102-бабымен жауапқа 5 адам тартылды. Олардың Шығыс Қазақстан облысында – 2 адам, Батыс Қазақстан, Павлодар және Түркістан облыстарында – 3 адам.

Жалпы сайлау басталғаннан бастап, бүгінге дейін Сайлау туралы заңнама талабын бұзумен ұштасқан 68 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. Олар бойынша кінәлі адамдар тиісті жазаға тартылды.

Бүгінде прокурорлар ішкі істер және басқа да уәкілетті органдарымен тығыз байланыста БАҚ-тағы, оның ішінде интернеттегі ықтимал заңбұзушылықтар жөніндегі ақпаратқа мониторинг жүргізіп жатыр», - деді ол.

Азамат Сарғазин бұл ақпараттан әкімшілік құқықбұзушылық құрамы анықталса, кінәлілер жауапқа тартылатынын атап өтті.

Алайда әлеуметтік желілерде жасанды резонанс тудыру мақсатында түрлі «жалған» материалдарды кеше өткен сайлаумен байланыстырып, таратылуы жиілеп кеткендігі байқалып отыр. Олардың ішінде тіпті біздің елден тыс жерлерде, яғни басқа мемлекеттерде болған оқиғалар да бар.

Сондықтан осы мүмкіндікті пайланапып, БАҚ немесе телекоммуникация желілері арқылы қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін тудыратын көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін Қазақстан  Қылмыстық кодексінің 274-бабында қылмыстық жауапкершілік көзделгенін барлық азаматтың есіне салғым келеді: 10 млн 350 мың теңге айыппұл (3000 АЕК, 1 АЕК – 3 450 теңге) төлеу түзеу жұмыстары, 800 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту, 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу, айыру, - деді Бас прокурордың аға көмекшісі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама