×

BAQYLA қозғалысы сайлауды 25 қалада бақылады

Сайлауға 7 саяси партия қатысқан

 Дәурен Ерболат 20.03.2023 | 12:45
Фото: nur.kz

BAQYLA қозғалысы 25 қаладағы сайлау учаскелерін бақылады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бақылау Алматыдағы орталық штаб пен 17 қалада орналасқан өңірлік штабтар арқылы жүргізілді.

Биыл BAQYLA қозғалысы Мәжіліс пен маслихат сайлауын 25 қалада бақылады әрі 5 мыңнан аса бақылаушыны оқытты.

19 наурызда 300-ден аса заңбұзушылық тіркелді. Таңғы 6-да басталған сайлау процесінде бақылаушыларға орын бермеу, дауыс беру кабинкасына 2-3 адамнан кіру, дауыс санауға қатыстырмау және хаттама бермеуге тырысу сияқты заңсыздықтар болды. 100-ге жуық бақылаушы сайлауды тұрып бақылауға мәжбүр болды. Заң бұзу фактілері әлі жинақталып жатыр. Бір мандатты округтер бойынша сайлауға түскендерге қатысты ақпарат түсуде.

Елдегі ақпараттық дүмпу жағынан ең тартысты өткен, ал дауыс берушілер жағынан антирекордтың бірі орнаған сайлауда тәуелсіз бақылаушылар өз міндеттерін тиісті дәрежеде атқарды», - деді Алматыда өткен баспасөз мәслихатында қозғалыстың мүшесі, саясаттанушы Асхат Қасенғали.

Саясаттанушы Мақсат Жақаудың пікірінше, сайлауға дауыс берушілерден гөрі кандидаттар мен бақылаушылар белсенді әрі көп қатысқан.

Сайлауға 7 саяси партияның қатысқанын бақыладық. Бұл – президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламентте пікір алуандығын жасақтайтын көппартиялық жүйе мен жеке мандатпен келетін депутаттардың көп болуына жағдай туғызу керек деген тапсырмасына сай ұстаным. Саяси өзгерістердің бастамасы жүзеге асырылып жатыр. Оған сайлау куә, - деді ол.

Оның айтуынша, сайлауды тәуелсіз 90-100 мыңға жуық бақылаушы бақылаған.

Оларды демократияның жаңа қарлығаштары, әділдік пен адалдықтың қорғаушылары һәм қолдаушылары деп қабылдауымыз қажет, - деп түйіндеді сөзін Мақсат Жақау.

Айта кетейік, BAQYLA қозғалысы 2022 жылғы кезектен тыс президент сайлауында құрылған. Сол уақытта ол сайлауды 27 қалада қадағалаған.

Кеше Қазақстан азаматтары Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлаған еді. Нәтижесінде 6,5 млн қазақстандық сайлауға қатысты. Сондай-ақ Exit poll нәтижесі де жарияланды

Серіктес жаңалықтары

Сараптама