Биыл Рамазан айының бірінші күні 23 наурызда басталады
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Рамазан айының құрметі үшін кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын төмендетуге шақырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Діни басқарманың мәліметінше, Орталық Азия елдері мүфтилерінің кеңесі мен ғылыми зерттеулер нәтижесі ескеріліп, биыл Рамазан айының бірінші күні 23 наурызда басталады деп белгіленді. Сәуір айының 17-нен 18-не қараған түн – Қадір түні. 21 сәуір – ораза Айт мерекесі. Биылғы пітір садақасы жан басына 535 теңге болып бекітілді. Пітір садақасының мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның ортақ бағасы негізінде белгіленді. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен беруге де болады.
Сондай-ақ басқарма өкілдері ораза ұстау кімдерге парыз болатынын ескертті.
Шариғатымыз бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алайда жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы жарамайтын адамдар дертінің асқынуынан қауіптенсе, ораза тұтуды кейінге қалдыруға шариғатымыз рұқсат береді. Сондай-ақ жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге де уақытша ораза ұстамауға болады, – делінген діни басқарма таратқан хабарламада.
Сонымен бірге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Зекет және қайырымдылық қоры» Рамазан айында бірнеше қайырымдылық жобаларды жүзеге асыратынын мәлімдеді. Атап айтқанда, «Шарапатты Рамазан», «Рамазан қоржыны», «Рамазаннан тәберік» сынды ауқымды республикалық қайырымдылық іс-шараларды ұйымдастырады.
Бұған қоса, басқарма төрағасы – Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкер азаматтарды, сауда орталықтарының басшыларын Рамазан айының құрметі үшін халықтың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға үндеді. Сондай-ақ ол барша қауымға оразада арақ-шарап ішілмесе және дүкендерде сатылмаса, мүмкіндігінше құдайы астар кешкі ауызашар уақытында өткізілсе деген тілегін жеткізді.