250-ге жуық шетелдік журналист сайлауды бақылауда
Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко қанша қазақстандық шетелде дауыс бергенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, кезектен тыс өткен Мәжіліс сайлауы аяқталуға жақын.
12 халықаралық ұйым мен 41 елден аккредиттелген шетелдік байқаушылардың жалпы саны – 793 адам. Сайлауды бақылауға 246 шетелдік журналист қатысуда. Астана мен Алматы қалаларында Халықаралық байқаушылар мен шетелдік БАҚ өкілдеріне жәрдемдесу орталықтары ашылды. Орталықтар барлық қажет техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген, - деді вице-министр Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте.
Роман Василенко шетелдегі Қазақстан азаматтарының конституциялық құқығын қамтамасыз ету үшін 62 мемлекеттегі дипломатиялық өкілдіктер жанынан 77 сайлау учаскесінің ашылғанын атап өтті. Онда 12 мың 16 адам дауыс береді деп жоспарланған.
Бүгін сағат 18:00-дегі жағдай бойынша шетелдердегі 11 сайлау учаскесі жұмысын аяқтады. Қазір де жұмыс істеп жатқан учаскелерде шамамен 5 мың Қазақстан азаматы дауыс берді. Бұл – дауыс беретін сайлаушылардың 42%-ы. 66 учаске жұмыс істеп жатыр. Жалпы, шетелдегі дауыс беру 20 наурызда таңертеңгі сағат 09:00-де Сан-Францискодағы (АҚШ) сайлау учаскесінде аяқталады, - деді Роман Василенко.
Соңғы деректерге сәйкес, Қазақстанда 6,3 млн адам сайлауға қатысты.
Айта кетейік, шетелде ең бірінші Оңтүстік Корея мен Жапониядағы сайлау учаскелері ашылған еді.