Төтенше жағдайлар министрлігіне бірқатар қосымша құзырет берілуі мүмкін. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланды.
Үкімет қаулысындағы жобаға сәйкес, министрлікке төмендегі функциялар беріледі:
- Адамдарды құтқару үшін және аса қажет болған жағдайда төтенше жағдайлар аймағындағы ұйымдардың байланыс, көлік құралдарын, мүлкі мен өзге де материалдық құралдарын пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
- Міндетті түрде мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет құрылатын ұйымдар мен объектілердің тізбесін әзірлейді және бекiтеді;
- Қалаларды азаматтық қорғаныс бойынша топтарға, ұйымдарды азаматтық қорғаныс бойынша санаттарға жатқызу жөніндегі өлшемшарттарды әзірлейді және бекітеді;
- Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтауға арналған объектілерді орналастыру және салу жөнінде шешімдер қабылдайды;
- Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың сыныптамасын белгілейді;
- Өз құзыреті шегінде климаттық қатерлерден болатын дүлей зілзала тәуекелдерін бағалауды жүргізеді;
- Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын құру, орнын ауыстыру, қайта бейіндеу немесе тарату туралы ұйым басшылығының шешімдерін келіседі;
- Мемлекеттік материалдық резерв саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және іске асыруды қамтамасыз етеді.
Құжат 5 сәуірге дейін ашық талқыланады.