Семей тұрғыны көп жылдан бері өзі жасаған «сақ шатырында» тұрып жатыр
Қарудың, аң терісінің, таңбалардың, музыкалық аспаптың түр-түрі бар
Өзі әнші, этнограф, ақын, әрі шаңқобызшы Серәлі Мұхамедсалықов бірнеше жылдан бері өзі жасаған сақ шатырында тұрады. Ерекше баспананы тамашалауға келетіндердің қатары да жылдан жылға көбейіп келеді, деп хабарлады «Хабар 24» телеарнасы.
Ол ерекше үлгідегі үйді салуға бір жылдай уақытын жұмсаған екен. Өзінің айтуынша, шатырды туристер тарту, табыс табу мақсатында тұрғызбаған.
Әр адамның өз әлемі болады. Менің әлемім – сақ дәуірі. Скифтердің өмірін сезіну, зерттеу. Үлкен үйім орталықта болса да өзім осы шатырда тұрамын. Өйткені Сақ бабаларымыздың қатты аязда, қатты ыстықта қалай тұрғанын өз жан дүниеммен сезінгім келді, – дейді этнограф.
Шатырдың ішіндегі әр дүниенің өз тарихы, мән-мазмұны бар. Мәселен, төрде тұрған кіреуке сауытты Абылай Қалқаұлы деген шебер 8 ай тоқыпты. Ал киімдерді әнші Жапония, Корея, Қытай, Моңғолия сияқты елдерге концерт қойғанда киіп шыққан екен.
Шатырдың сырты да, іші де сақ заманын көз алдыңа елестетеді. Қақ төрде – қасқайып отырған сақ патшасы. Қарудың, аң терісінің, таңбалардың, музыкалық аспаптың түр-түрі бар. Құдды сол дәуірге еніп кеткендей боласың. Әсіресе бұл туристер мен шетелдік азаматтарды таңғалдырады екен.
Сақтардың тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті туралы мол мағлұмат алдық. Наурыз мейрамының тарихын білдік. Байқағаным, сақтар мен біздің бабаларымыздың музыкалық аспаптары ұқсас екен, – деді үндістандық студент Сомия Швами.
Серәлі Мұхамедсалықов сақ шатырын көруге келген қонақтарға тегін қызмет көрсетеді. Тарихтан сыр шертіп қана қоймай, меймандарын әртүрлі музыкалық аспаптармен тәнті етеді.
Арманым, мұндай шатыр еліміздегі кез келген мектептің, елшіліктердің, мешіттердің алдында тұрса деймін. Басқа мемлекеттер өз құндылықтарын солай көрсетеді, – дейді ол.
Серәлі Мұхамедсалықовтың жоспары көп. Ұлттық құндылықтарды ұлықтап жүрген азамат алдағы уақытта қонақтарға шатырды тамашалатумен қатар, түйе мінгізіп, садақ атқызуды да жоспарлап отыр.