Қазақстандықтар жақсы өмір сүруді қалайды
Мәжіліске кімдер баратынын халықтың өзі шешеді. Бұл туралы AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Партия төрағасы Астанадағы №110 учаскеде дауыс берді. Оның айтуынша, бүгін сайлауда өз таңдауын жасап жатқан халықтың көңіл-күйі көтеріңкі.
Ерлан Қошанов Мәжіліс пен Үкіметтің құрамы жаңаруы мүмкін екенін жеткізді.
Әрине, мүмкін. Бірақ оның қанша пайызға жаңаратынын айта алмаймын. Бірақ біз өз ісін білетін, ел игілігі үшін жұмыс істейтін адамдар келеді деп сенеміз, - деді ол.
Партия төрағасының пікірінше, сайлау әділ өтіп жатыр.
«Мен сайлаудың әділ өтіп жатқанын байқадым. Өйткені мемлекет пен қоғам ашық. Бүгінде сайлауда көптеген бақылаушы бар», - деді партия төрағасы.
Ол Мәжілісті кім басқаратынын жаңа сайланған депутаттар шешетінін жеткізді.
Қазақстандықтар тұрмыстың жақсарғанын талап етіп отыр. Біз сайлаушылардан түскен көптеген сұрақтың (жол, су және тағы басқа – автор) жауабы жергілікті биліктің құзыретінде екенін байқадық. Оған менің көзім жетті, - деді Ерлан Қошанов.
Сөз соңында ол Мәжіліске кімдер баратынын халық шешетінін атап өтті.
Айта кетейік,бүгін Қазақстан азаматтары Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлайды.