Жер сілкінісі болып жатыр деп ұйқысынан шошып оянған әйел балконнан секіріп кетті
Зілзаладан кейін қатты қорқып қалғаны соншалық Айшенің бойын үрей билеген
Хатайдың Ерзін ауданының тұрғыны «жер сілкінісі болып жатыр» деп ойлап ұйқысынан шошып оянады. Дереу далаға шығуды ойлаған әйел екінші қабаттан секіріп қаза тапты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
38 жастағы Айше Гүлхан Челер анасы Лутфие Челермен бірге Ерзін қаласының Исалы ауданында тұратын.
Анасының айтуынша, 6 ақпандағы зілзаладан кейін қатты қорқып қалғаны соншалық Айшенің бойын үрей билеген.
Ол 14 наурызға қараған түні ұйқысынан шошып оянып, тағы да жер сілкінісі болып жатыр деп ойлаған. Абдырап қалған Айше Челер үйдің балконына жүгіріп шығып, екінші қабаттан секіреді. Дереу ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер барын салды, алайда құтқара алмады.
Жергілікті агенттіктің хабарлауынша, Айше Гүлхан Челердің анасы Лүтфие Челер 6 ақпандағы жер сілкінісінен кейін қызының бойын бір қорқыныш билегенін айтқан.
«Сол күні бір бөлмеде едік. Сейсенбі күні түнгі сағат үш жарым кезінде қызым Айше кенет айқайлап оянды. Анашым, жер сілкініп жатыр, сыртқа шығайық деді. Мен қарасам ол балконға қарай жүгірді. Қызым, қайда барасың, ол балкон деп айтып үлгергенімше болмады. Екінші қабаттан секіріп кетті. Мен сол сәтте не болып жатқанын түсіне алмадым. Балконнан төмен қарасам, Айше өлі жатыр екен. Көршілерді шақырып, қызым құлаған жерге жүгірдім. Әрі қарай есімді білмеймін» - деді ол.
Қызының жұмыс жерінде әрі отбасында да сыйлы екенін жеткізген анасы:«Ол өз-өзіне қол жұмсаған жоқ. Оны 6 ақпандағы жер сілкінісі осындай жағдайға жеткізді», - дейді.