Олар тарифті негізсіз көтеру арқылы миллиардтаған пайда тапқан
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлы мен оның бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды және басқа да тұлғаларға қатысты тергеуді жалғастыруда.
Тергеу барысында Қ.Сатыбалдыұлының бақылауындағы кәсіпорындардың – кірме теміржол желілері (соңғы шақырым) иелеріне қатысты жымқырудың қосымша фактілері анықталды.
Аталған тұлғалар Мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының көмегімен елдің қала құраушы кәсіпорындарына кірме жолдардың қызметтеріне тарифті негізсіз көтеру арқылы көп миллиард пайда тапқан.
Қ. Сатыбалдыұлы бақылауындағы екі компанияның басшылары ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды.
Кінәлілік туралы қорытынды шешімді сот анықтайды. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.
Еске салайық, 13 наурызда лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде ұрлады деген күдікпен Қайрат Сатыбалдыұлы ұсталды.
Қайрат Сатыбалдыұлының мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қ.Сатыбалдыұлына қатысты 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
17 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына, оның бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалдыға және басқа да тұлғаларға қатысты бизнесті рейдерлік басып алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
16 наурызда Г.Сатыбалды ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабы бойынша ұсталып, Нұр-Сұлтан қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.