Прокуратура «Алматы қала жарық» кәсіпорнын жекешелендіруге қатысты заңбұзушылықты анықтады
Былтыр қаласы әкімдігі компанияны жекешелендіруге беру туралы шешім қабылдаған
Алматы қаласының прокуратурасы қаланың көшесін жарықтандыруды қамтамасыз ететін «Алматы Қала Жарық» ШЖҚ МКК жекешелендірудің заңдылығын зерделеді.
Алматы қаласы әкімдігінің 25.10.2021 жылғы № 4/531 қаулысымен аталған компанияны жекешелендіруге беру туралы шешім қабылданды.
Алматы қаласы Мемлекеттік активтер басқармасы 08.11.2021 жылы мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында 14 835 000 000 теңге бастапқы баға ұсынысымен (БизнесПартнерКонсалт ЖШС бағалау ұйымы) алғашқы сауда-саттықты өткізетіні туралы жариялады.
Қатысуға өтінімдердің болмауына байланысты сауда-саттық екі рет өтпеді деп танылды. 28.12.2021 жылғы үшінші сауда-саттық нәтижелері бойынша 4 660 020 000 теңге мөлшеріндегі баға ұсынысымен (жалғыз өтінім) «ABM Group.com» ЖШС жеңімпаз болып жарияланды. Кейіннен жеңімпазбен сатып алу-сату шарты жасалды.
Сонымен қатар тауар нарығы бәсекелестігінің жай-күйін талдау барысында Алматы қаласы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті «Мемлекеттік мүлік туралы» заң нормаларын, Жекешелендіру объектілерін сату ережелерін және Алматы қаласы әкімдігінің әрекеттерінде кәсіпкерлік кодексін бұзушылықтарды анықтады.
Осыған байланысты, қала прокуратурасының заңдылықты бұзушылықты жою туралы ұсынуы және жоғарыда аталған Департаменттің хабарламасы негізінде әкімдік Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына «Алматы Қала Жарық» ШЖҚ МКК сату бойынша сатып алу-сату шартын бұзу және жарамсыз деп тану туралы талап арыз берді.
Еске салайық, бұған дейін Алматы әкімдігінің «Алматы қала жарық» кәсіпорнын жекешелендіру туралы шешімі заңға қайшы болып шыққаны хабарланған еді.